Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл апта кадрлық ауыс-түйіс тұрғысынан өткен аптаға қарағанда тыныш болды. Ел назары танымал спортшы мен режиссердің қызметке келгені туралы ақпаратқа ауды.

Фото: Kazinform

Үкімет қаулысымен Салтанат Томпиева Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 

Салтанат Еркінқызы 1977 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, Тулуза бизнес мектебін, ИАТА халықаралық әуе көлігі қауымдастығында білім алған.

Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің авиациялық қауіпсіздік секторының жетекші маманы болып бастады.

1998-2003 жылдары — ҚР Көлік және коммуникация министрлігі/Көлік, коммуникация және туризм министрлігі бөлімдерінің бас маманы.

2003-2008 жылдары — ҚР ККМ Азаматтық авиация комитеті Халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы.

2008-2014 жылдары ҚР ККМ ААК бас сарапшысы, бастығы, басқарма басшысы болып жұмыс істеді.

2014-2019 жылдары — ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ААК басқармасының басшысы, бас мемлекеттік инспекторы, басшысы — бас мемлекеттік авиация инспекторы.

2019 жылы — ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ААК басқармасының басшысы.

2019-2022 жылдары — ҚР ИИДМ ААК төрағасының орынбасары.

2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары болды.

Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласына жаңа әкім тағайындалды.  

Ресми мәлімет бойынша, бұған дейін қала әкім болған Айбек Қосуақов өз еркімен қызметінен кеткен.

Оның орнына бұған дейін әкімнің орынбасары болған Жансейіт Қайнарбаев келді. 

Еңбек жолын 2006 жылы жеке секторда бастаған. 2012 жылға дейін осы салада шебер, бас механиктің орынбасары болған. Әртүрлі ЖШС директоры қызметтерін атқарған.

2012 жылдан 2014 жылға дейін «Тазалық» МКК бөлім бастығы, Жаңаөзен қаласы.

2014 жылдан 2015 жылға дейін «Коммуналдық қызмет» МКК директоры.

2015 жылдан 2016 жылға дейін Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болды.

2016 жылдан 2022 жылға дейін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары.

2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ұлттық статистика бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы болып Алтыншаш Исламова тағайындалды.  

Алтыншаш Сұлтанқызы Ш. Есенов атындағы Ақтау университетін «Өнеркәсіп және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша және Маңғыстау «Болашақ» институтын «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. 

Еңбек жолын 1994 жылы Маңғыстау облысының статистика басқармасында экономист болып бастаған.

Бұдан әрі әлеуметтік-демографиялық статистика, еңбек және қамту бөлімінің аға маманы болып жұмыс істеді.

Ол сондай-ақ қызмет көрсету және экономика статистикасы бөлімінің бас маманы болған.

2003-2004 жылдары ақпараттық-статистикалық орталықтың шаруашылық бөлімінде жұмыс істеді. 

2005 жылдан бастап өнеркәсіп статистикасы бөлімінде түрлі қызметтерді атқарды.

2011-2018 жылдары инвестиция және құрылыс статистикасы басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.

2018 жылдан бастап бүгінге дейін Маңғыстау облысының статистика департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Владислав Лукин мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының басшысы болып тағайындалды.  

Владислав Лукин 1990 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлегі. Жоғары оқу орнын «құрылыс» мамандығы, «техника және технология бакалавры» бiлiктiлiгi бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2012 жылы СҚО құрылыс басқармасының сумен жабдықтау бөлiмiнiң бас маманы болып бастады.

2014-2016 жылдары СҚО құрылыс басқармасы бөлiмi басшысының міндетін атқарды, бөлiм басшысы болды.

2016-2017 жылдары СҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

2017 жылдың қазан айынан 2020 жылдың наурызына дейін СҚО әкiмдiгiнiң құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары лауазымында қызмет еттi.

Бұған дейін Петропавл қаласы әкімінің құрылыс және жедел мәселелер жөнiндегi орынбасары лауазымында болды.

2020 жылдан бастап 2023 жылдың тамызына дейін Мамлют ауданының әкімі болды.

Соңғы тағайындауға дейін СҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, басшысының міндетін атқарды.

Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы лауазымына Ержан Мұздыбаев тағайындалды.  

Ержан Мұздыбайұлы 1991 жылы дүниеге келген. 

2012 жылы Сақтаған Бәйішев атындағы Ақтөбе университетін, 2017, 2021 жылдары Қазақ-Орыс Халықаралық университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының инспекторы болып бастаған. 

Аталған басқармада бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеді

2021 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Бокстан Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков жаңа қызметке тағайындалды. 

Лауазымы — Қазақстан бокс федерациясының бапкерлер штабымен жұмыс жөніндегі вице-президенті.

Мұхтархан Ділдәбеков — Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері (1997), аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының (2000) және әуесқой бокстан әлем чемпионатының (1999) күміс жүлдегері, «Парасат» орденінің иегері (2000).

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы президентінің екі кеңесшісі тағайындалды. 

Соның бірі — белгілі продюсер және режиссер Қуаныш Бейсек.

Әуелде көпшілікке «Ирина Кайратовна» тобының режиссері әрі продюсері ретінде танылған Қуаныш Бейсек «Дәстүр» атты жаңа туындысымен кино мамандарын мойындатты. 

«Ол Қазақфильмнің шығармашылық даму бағытын қадағалап, сол бағытқа жауап беретін болады. Қуаныш студиямыздың дамуына өз үлесін қосады деген үлкен сенімім бар», — деп жазды «Қазақфильм» АҚ президенті Азамат Сатыбалды Instagram парақшасында. 

Сондай-ақ, продюсер Еркебұлан Күрішбаев та Қазақфильм ұлттық қиностудиясы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.