Мемлекет басшысы ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы тағайындалды.
Атап айтқанда, Мереке Мәтімұлы Көшекбаев ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына, ал Ержан Уақасұлы Ыбыраев «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына келді.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Махсут Курманалиевич Гусейнов «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды.
***
Қорғаныс министрінің бұйрығымен полковник Руслан Серікханұлы Омаров Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Р. Серікханұлы 1978 жылы Семей облысында дүниеге келген. Б. Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатының түлегі. 1999 жылы Түркия Республикасы Құрлық әскерлерінің әскери академиясын («басқару жүйесінің инженері»), 2000 жылы Түркия Республикасының артиллерия мектебін тәмамдаған. 2018 жылы Ұлттық қорғаныс университетін «Әскери істегі менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Қарулы күштерінде взвод командирінен бастап, құраманың артиллерия штабының бастығына дейінгі лауазымдарда қызмет етті.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде Зымыран әскерлері және артиллерия штабында жауынгерлік дайындықты басқарды.
Жаңа тағайындауға дейін ҚР ҚК Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының (цифрландыру жөніндегі) орынбасары қызметін атқарды.
***
Осы аптада Айнұр Исабекова Шымкент қаласы Әділет департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.
1998 жылы Шымкент қаласындағы №11 орта мектебін үздік бітіріп, сол жылы ҚазМЗА-ға заңгер мамандығын игеру үшін түсті. Осы жоғары оқу орнын 2002 жылы үздік аяқтап, сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет басқармасының нотариат істері жөніндегі бас маманы лауазымына жұмысқа орналасты.
Көрсетілген уақыттан бері әділет органдарында қызмет етіп келе жатыр. Қызмет ету мерзімінде Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы (2005 – 2015 жж.), жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушысы (2007 ж.), жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыру бөлімінің басшысы (2015-2018 жж.) болып жұмыс істеді.
2018 жылы Шымкент қаласының Абай аудандық әділет басқармасының бөлім басшысы лауазымына тағайындалды, әрі қарай Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы (2019-2020 жж.), осы Департаменттің әкімшілік бөлімінің басшысы (2020 ж.) болып жұмыс атқарды. 2020 - 2024 ж.ж. Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары болды.
***
Осы аптада Павлодар ауданының жаңа әкімі Дидар Ибраев таныстырылды.
Дидар Елубекұлы 1992 жылы Железин ауданында дүниеге келген. 2014 жылы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын 2009 жылы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық органында бастаған.
2015 жылдан бастап ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің атқарушы және басшылық лауазымдарында қызмет атқарды. 2018 жылдан бастап жергілікті атқарушы билік органдарында еңбек етеді. 2022 жылдан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды.
***
Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 25 қарашадағы өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және мәслихат депутаттарының келісімімен Қорғалжын ауданының әкімі болып Алмас Алин тағайындалды.
***
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Алға аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Асланбек Серікұлы Шүйіншалиев Алға ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Ол 1988 жылы дүниеге келген. Білімі — жоғары. Қазақ-Орыс Халықаралық университетінің «Құқықтану», Алматы экономика және статистика академиясының «Экономика», ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының «Өңірлік даму» мамандықтары бойынша бітірген. Литва Мемлекетінің Миколос Ромерис Университетінде мемлекеттік басқару бағдарламасы аясында халықаралық тағылымдамадан өткен.
Еңбек жолын 2007 жылы Алға аудандық қаржы бөлімінің іс-қағаздарын жүргізуші заңгері болып бастаған.
2016 — 2021 жж. Алға аудандық қаржы бөлімінің басшысы, Ақтөбе облысы әкімі аппаратының облыстық терроризмге қарсы комиссияның жұмысын үйлестіру және құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу бөлімінің басшысы, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары болды. 2021 — 2023 жж. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын басқарды.
2023 жылдың қараша айынан бастап Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
***
Осы аптада Әсет Өтегенұлы Оралбаев Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Ол 1982 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары: 2004 жылы — Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік басқару», 2006 жылы — Т.Рысқұловатындағы Қазақ экономикалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешенінің менеджері болып бастаған. 2005 — 2024 жж. Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдарында; бизнес субъектілерінің басшылық лауазымдарында жұмыс істеген.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының кеңесшісі және «С. М. Киров атындағы Машина жасау зауыты» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің төрағасы қызметерін атқарып келген.
***
Нұрбол Бақытжанұлы Ержанов Ақтөбе облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ол 1987 жылы дүниеге келген, білімі жоғары: 2008 жылы - Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Электр энергетикасы», 2010 жылы - Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын «Құқықтану», 2010 жылы - М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру», 2019 жыл - Ресей Федерациясы Президенті жанындағы мемлекеттік және халық шаруашылығы Ресей Академиясын «Мемлекеттік және муниципалды басқару» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2008 жылы «КазПромСтройГрупп» ЖШС менеджері болып бастаған. 2008 – 2009 жж. ҚР Қарулы күштері қатарында әскери борышын өтеген.
2021 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Алға ауданының әкімі қызметін атқарып келді.
***
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ерден Шортыбаев жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Ерден Шортыбаев - өңірлік кадр резервінің өкілі. 1993 жылы туған. 2015 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін, 2018 жылы Л.Б. Гончаров атындағы қазақ автомобиль-жол академиясын тәмамдады.
2021 жылдан бастап осы күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасы автомобиль жолдарын дамыту және пайдалану бөлімінің бас маманы, бөлім басшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
***
Нұрғиса Мәлікұлы Қамашев БҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Н. Қамашев 1984 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін заңтану мамандығы бойынша тәмамдаған.
Атырау қаласы жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары, БҚО әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры лауазымдарында қызмет еткен.
***
Атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға кірісті.
Серік Сәпиевтің бірнеше біліктілік бойынша жоғары білімі бар: «дене шынықтыру педагогі», «құқықтану», «мемлекеттік және жергілікті басқару», «спорт менеджменті» мамандығы бойынша «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты.
2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2019 жылдың қаңтарында Мемлекеттік қызметке ауысты — үш жылға жуық ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды. Содан кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін «MTEX management» ЖШС спортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді.
***
Азамат Имашев Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.
А. Болатұлы 1981 жылы туған, жоғары білімді. С. Сейфуллин атындағы Ақмола аграрлық университетін «экономика және менеджмент» мамандығы бойынша, Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша аяқтаған. Экономика және бизнес магистрі.
Еңбек жолын 2002 жылы Астана қаласындағы Каратэ-до және жекпе-жек өнері федерациясының менеджері болып бастаған. 2007-2011 жылдары оның вице-президенті болды.
Осы лауазымға тағайындалғанға дейін 2024 жылдың сәуірінен бастап ҚР туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.