Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM — Осы аптада биліктің жоғарғы сатысында, жергілікті атқарушы органдар мен саяси партияларда бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Kazinform 14-20 қыркүйек арасындағы тың тағайындауларға шолу ұсынады.

Фото: Ақорда

Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы төрағасы болып қайта тағайындалды.

Нұрлан Әбдіров 1961 жылғы 12 қаңтарда туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін, КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының күндізгі адъюнктурасын (Мәскеу қ.), Дж.Маршалл атындағы Қауіпсіздік мәселелерін зерделеу жөніндегі Еуропалық орталықта басшылық құрамның 4 айлық курстарын (Германия) бітірген.

Заңгер-құқықтанушы. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

09.1982 – 06.1997 жж. - ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде оқытушылық қызмет атқарды.

06.1997 – 05.2000 жж. – Қазақстан Республикасының Есірткіні бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хатшысы.

05.2000 – 09.2002 жж. – Қазақстан Республикасы Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары.

09.2002 – 06.2005 жж. – Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының мемлекеттік инспекторы, Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары.

06.2005 – 09.2009 жж. – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары – Қауіпсіздік кеңесі Хатшылығының меңгерушісі.

09.2009 – 08.2020 жж. – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші, бесінші, алтыншы сайланымдарының депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы.

08.2020 – 09.2020 жж. – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

09.2020 – 01.2022 жж. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 25 қаңтардағы № 784 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы болып тағайындалды.

Ал Эльвира Әзімова Конституциялық сот төрағасы лауазымында қалатын болды.

Эльвира Әбілқасымқызы 1973 жылғы 15 ақпанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Халықаралық заңгер» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолында Әділет министрлігінде ұзақ жыл қызмет атқарды.

1996-1999 жылдары министрліктің Халықаралық-құқықтық қамтамасыз ету басқармасында жетекші және бас консультант болды.

1999-2005 жылдары заңнама, халықаралық құқық және протокол бағыттарындағы департаменттерде басшылық қызметтер атқарды.

2005-2010 жылдары Әділет министрлігінің заңға тәуелді актілер және халықаралық құқық, мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау, келісімшарттар және талап-арыз жұмысы бағытындағы департаменттерін басқарды.

2010-2013 жылдары Әділет министрлігінің халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры, ал 2013-2019 жылдары Әділет министрінің орынбасары қызметін атқарды.

2019 жылғы қыркүйектен 2023 жылғы қаңтарға дейін ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды.

Эльвира Әзімова 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы қызметін атқарып келді.

Сондай-ақ ол ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның және Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болды.

Сондай-ақ, бұл аптада «Әділет» партиясының басшылық құрамы айқындалды. Партия төрағасының бұйрығымен Асхат Оралов, Нұрсұлтан Байтілесов және Эльдар Жұмағазиев төраға орынбасарлары лауазымдарына тағайындалды

Асхат Оралов бақылау, талдау және қызметті бағалау мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін және Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған, философия докторы деген ғылыми дәрежесі бар.

Әр жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Астана қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Мәдениет және спорт министрі, Президент Әкімшілігінде Мемлекеттік инспектор қызметтерін атқарды. Тағайындауға дейін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында жұмыс істеді.

Нұрсұлтан Байтілесов құқықтық және заңнамалық бағытқа жетекшілік етеді. Оның кәсіби қызметі сот жүйесімен тығыз байланысты. 

Ол аудандық сот маманынан бастап, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты болды. Әр жылдары М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде және Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетте «құқықтану», «экономика» және «бизнес» мамандықтары бойынша білім алды.

Эльдар Жұмағазиев экономика, салалық және өңірлік даму мәселелеріне жауап береді. Ол Атырау мұнай және газ институтын, сондай-ақ Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдады. Әр жылдары Атырау облысындағы ішкі саясат саласында қызмет етіп, «Атырау-Ақпарат» КМК өңірлік медиахолдингін басқарған, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында басшылық қызметтерде жұмыс істеді. Партиялық жұмыста мол тәжірибесі бар.

Бұған дейін партия төрағасының орынбасарлары лауазымдарына коммуникация мәселелері жөнінде — Әлия Адамбаева, идеология бағыты бойынша — Ержан Жылқыбаев, цифрландыру мәселелері жөнінде — Қаныш Төлеушин тағайындалған еді.

Еркежан Күнтуған Президент телерадиокешені директорының орынбасары қызметіне тағайындалды

Еркежан Күнтуғанның медиа саласында тәжірибесі мол. 2023 жылдың қаңтарынан бері Jibek Joly телеарнасының директоры қызметін атқарып келді, ал оған дейін Президент Телерадиокешенінде креативті директор болды.

Әр жылдары Atameken Business телеарнасында атқарушы продюсер, «Евразия» телеарнасында креативті продюсер болып қызмет атқарған.

Еркежан Күнтуған бұл лауазымында ҚР Президенті Телерадиокешені қызметінің негізгі бағыттарын үйлестіруге атсалысады. Оған телевизиялық контентті дамыту, ақпараттық және шығармашылық жобаларды іске асыру, сондай-ақ өндірістік үдерістерді жетілдіру кіреді.

Сәкен Мамырбеков Түркістан халықаралық әуежайының директоры болып тағайындалды.

Ол 1987 жылғы 4 шілдеде Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген.

2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін инженер мамандығы бойынша бітірген.

2019 жылы «Азаматтық авиация академиясы» АҚ-ның түлегі атанды.

Еңбек жолын 2008 жылы «Шымкент әуежайы» АҚ-да құқықтық қамтамасыз ету және персоналмен жұмыс бөлімінің заңгері қызметінен бастаған. Кейін жылу-техникалық және санитарлық-техникалық қамтамасыз ету қызметінің инженері болып жұмыс істеді. 2010 жылдан аталған бөлімнің бастығы қызметін атқарды. 2016-2017 және 2024-2025 жылдары «Шымкент әуежайы» АҚ-ның корпоративтік хатшысы болды. 2019 жылдың маусымында АҚШ-та SABIT бағдарламасы аясында «Еуразия әуежайларын дамыту» тақырыбында тағылымдамадан өтті.

2016 жылғы желтоқсаннан 2025 жылғы маусымға дейін «Шымкент әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

«Құрметті авиатор» төсбелгісімен (2022) және «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен (2021) марапатталған. Азаматтық авиация саласындағы жалпы еңбек өтілі — 18 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып Болат Нұрсейітов тағайындалды. https://kaz.inform.kz/news/shko-politsiya-departament-bastiginin-brnsh-orinbasari-tagayindaldi-9b7bc506

Болат Нұрсейітов 1976 жылғы 3 шілдеде Қостанай облысында дүниеге келген. Құқық қорғау органдарында 1996 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын Қостанай облысы бойынша МТКБ кезекші бөлімінің кезекші көмекшісі лауазымынан бастаған. Кейін әртүрлі жедел және басшылық қызметтерді атқарды.

2004 жылы Павлодар облысы ІІБ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл қызметін атқарды. Ал бір жылдан кейін аса қауіпті қылмыстарға қарсы күрес бөлімін басқарды.

2009 жылдан бастап Павлодар қаласы ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің бастығы болды. 2012 жылдан қалалық басқарма бастығының орынбасары қызметін атқарды.

2015-2017 жылдары ҚР ІІМ орталық аппаратында Криминалдық полиция департаментінің жеке адамға қарсы аса ауыр қылмыстарды ашуды ұйымдастыру басқармасында қызмет атқарды.

2018-2022 жылдары Жамбыл облысы Тараз қаласы полиция басқармасының 1-полиция бөлімін басқарды.

2022 жылдың ақпан айынан Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары болды. 2025 жылдан бастап осыған дейін Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді.

Мұрат Бөрібаев Жезқазған әкімі болып тағайындалды

Мұрат Бөрібаев 1991 жылы дүниеге келген. Металлургия, экономика және бизнес бакалавры, мемлекеттік менеджмент магистрі. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС филиалы «Қарағандытүстімет» ӨБ «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусының үшінші разрядты флотаторы болып бастады.

2011-2012 жылдары — «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «Қарағандытүстімет» ӨБ филиалының «Нұрқазған» байыту фабрикасы жетекшілігінің әкімшілік бас корпусында іс жүргізуші;

«Қазақмыс» корпорациясы ЖШС филиалы «Қарағандытүстімет» ӨБ «Нұрқазған» байыту фабрикасы бас корпусы бақылау цехының шебері;

2012-2013 жылдары — «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «Қарағандытүстімет» филиалы Нұрқазған байыту фабрикасы бас корпусы цехының бастығы;

2013-2014 жылдары — «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «Шығыстүстімет» ӨБ Орлов кеніші БФ бас инженері;

2014-2015 жылдары — «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «ЖТМ» ӨБ № 1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасы № 2 бас корпусы цехының бастығы;

2015-2017 жылдары — «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «ҚТМ» филиалы Нұрқазған байыту фабрикасының директоры;

2017-2024 жылдары «Жезқазғантүстімет» ӨБ № 1, 2, 3 Жезқазған байыту фабрикасының директоры;

Тағайындауға дейін Сәтбаев қаласының әкімі болды.

Ал Сәтбаевқа Кеңгірбай Смағұлов әкім болып барды.

Кеңгірбай Смағұлов 1978 жылы туған.

Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлегі.

Еңбек жолын 2000 жылы Жезқазған қаласы бойынша Салық комитетінің жинау бөлімінің салық инспекторы қызметінен бастаған.

2001–2002 жылдары Жезқазған қалалық экономика комитетінің кәсіпкерлік және тұтыну нарығын дамыту бөлімінің бас маманы;

2002–2004 жылдары Жезқазған қалалық экономика комитетінің қаржы-несие қатынастары, әлеуметтік сала және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы;

2004–2005 жылдары Жезқазған қаласы Экономика және кәсіпкерлікті дамыту комитетінің бөлім басшысы;

2005–2006 жылдары Жезқазған қаласы әкімі аппаратының талдау жұмысы бөлімінің бас маманы;

2006 жылы Жезқазған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы;

2006–2008 жылдары Жезқазған қаласы әкімі аппаратының басшысы;

2008–2009 жылдары Жезқазған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы;

2009–2010 жылдары Жезқазған қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы;

2010–2013 жылдары Жезқазған қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы;

2013–2015 жылдары Жезқазған қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы;

2015–2020 жылдары Жезқазған қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы;

2020 жылы Жезқазған қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы;

2020–2022 жылдары Қарағанды облыстық «Nur Otan» партиясы Жезқазған қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары;

2022 жылы «AMANAT» партиясы Жезқазған қалалық бөлімшесінің жауапты хатшысы;

2022–2023 жылдары Ұлытау облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

2023-2024 жылдары Ұлытау облысының қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарды.

Осы тағайындауға дейін, яғни, 2024-2026 жылдары Ұлытау облысы әкімі аппаратының басшысы болды.

Ұласбек Сәдібеков Бәйдібек ауданының әкімі болып тағайындалды.

Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков 1967 жылы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1992 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын «инженер-электрик» мамандығы бойынша, 2001 жылы «Қайнар» университетін «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1983 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданындағы мал бордақылау кешенінде жұмысшы болып бастаған. 1984-1986 жылдары Целиноград ауылшаруашылық институтында білім алған. 1986-1987 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери қызмет атқарып, 1987-1992 жылдары аталған институттағы оқуын жалғастырған. 1992-1993 жылдары Ақмола қалалық әкімшілігінің жастар комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

1993-1994 жылдары ОҚО Алғабас аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде маман, бас маман, 1994-1996 жылдары аудандық әкімшіліктің жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы болды. 1996-1998 жылдары Шымкент қаласындағы «Жетіген» ЖШС директоры, 1998-2002 жылдары Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, 2002-2004 жылдары ОҚО әкімінің аппараты әлеуметтік-мәдени кешені бөлімінің меңгерушісі, 2004-2005 жылдары облыстың жастар ісі және ішкі саясат департаментінің директоры болып еңбек етті.

Сондай-ақ 2005-2006 жылдары ОҚО ішкі саясат департаментінің директоры, 2006-2007 жылдары Бәйдібек ауданының, 2007-2009 жылдары Сарыағаш ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2009-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2012-2016 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

2016-2018 жылдары ОҚО әкімінің орынбасары, 2018-2019 жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі — Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі, 2019-2023 жылдары Сайрам ауданының әкімі қызметін атқарды.

2023 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі қызметін енді Сәкен Займолдин атқарады.

Ол осы ауылдың тумасы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «дене тәрбиесі және биология», Мәскеу технологиялық институтын «менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы Ойыл кәсіптік-техникалық лицейінде бастаған. Ойыл аграрлық колледжінде жұмыс істеді. Қараой ауылдық округінің әкімі, 2020-2021 жылдары «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. 2021 жылдан осы уақытқа дейін Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы, төрағасы қызметін атқарып келді.