Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен аптада елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. 

Балым Адамиденова Туризм және спорт министрінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «журналистика» мамандығы бойынша аяқтап, 2022 жылы осы оқу орнында «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.

Еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан Баспасөз клубы» ақпарат орталығында жоба менеджерінің ассистенті қызметінен бастаған. Сонымен қатар Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінде баспасөз қызметін басқарған. Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған. Төрт жылдан астам уақыт «Туристік Қамқор» қорының медиа жобаларын үйлестіруші болып еңбек етті.

Серік Төленбергенов Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Серік Төленбергенов 1974 жылы Семей облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1995 жылы жеке ұйымда бухгалтер болып бастаған. Республикалық және өңірлік деңгейлерде басқарушылық тәжірибесі мол. Әр жылдары Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі құрылымдарында қызмет атқарған, жекеменшік сектор кәсіпорындарын басқарған, сондай-ақ әкімдік жүйесінде жұмыс істеген.

Риддер қаласы әкімінің орынбасары, Ұлан ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Абай облыстарында құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларын басқарған.
Сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық холдингі басқарма төрағасының кеңесшісі, Семей қалалық мәслихатының депутаты болған.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрінің бұйрығымен Тимур Қосымбаев ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Тимур Қосымбаев 1989 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын, Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Ұлыбританияда Лестер Университетінде білім алған.

Еңбек жолын 2011 жылы Қазақстан Республикасының республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде бастаған. 2019 жылға дейін осы мекемеде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

2019-2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қаржы-экономика бөлімінің бюджет қаржыландыру секторының меңгерушісі қызметін атқарды.

2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

Самал Қадырова Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Самал Қанатқызы 1977 жылы туған, жоғары білімді. Еңбек жолын 1996 жылы Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылындағы Ж. Тіленшин атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2014 жылы облыстық білім басқармасында бас маман болып бастаған.

2017-2022 жылдары Ертіс және Май аудандарында білім бөлімінің басшысы және әкімнің орынбасары, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінде басқарма басшысы қызметтерін атқарған.

2022-2024 жылдары Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары және Павлодар облысы білім басқармасы басшысының орынбасары болған.

2024 жылдан бастап осы лауазымға тағайындалғанға дейін Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

«Жеңіс» футбол клубы бас бапкері қызметіне украиналық маман Андрей Демченко келді.

Андрей Демченко 1976 жылы Украинада дүниеге келген. Спорттық мансабында Ресейдің ЦСКА, Нидерландтың «Аякс», Украинаның «Металлург» (Запорожье), «Ильичевец», «Оболонь», «Гелиос», Молдованың «Дачия» клубтарында доп тепкен.

2011 жылдан бері бапкерлік қызметінде Украинаның «Имекс», «Металлург» (Запорожье), «Львов», «Металлист-1925», «Буковина», Грузияның «Дила», «Динамо» (Батуми) клубтарында еңбек етті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова ғылым және жоғары білім вице-министрі болып тағайындалды.

Гүлзат Ізбасарқызы 1978 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1998 жылы Қ. Жұбанов атындағы университетте оқытушы болып бастаған. 2002-2009 жылдары аталған оқу орнында және Ақтөбе педагогикалық институтында басшылық қызметтер атқарған.

2009-2010 жылдары ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде, 2010-2018 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген.

2018-2019 жылдары – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, кейін ҚР Президенті Кеңсесінде сектор меңгерушісі және инспектор болып қызмет атқарды.

2019-2023 жылдары Білім және ғылым саласын бақылау және сапаны қамтамасыз ету бойынша бірқатар комитеттерді басқарған.

Азат Сарпеков ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Аппараты басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.

Еңбек жолын 2009 жылы Семей қаласындағы Электротехника колледжінде өндірістік оқу шебері ретінде бастаған. Кейін шеберхана меңгерушісі, директордың орынбасары, одан соң колледж директоры қызметтерін атқарған.

2020 жылы «Nur Otan» партиясының Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, одан кейін «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры болып жұмыс істеді.

2022–2023 жылдары Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып, қалалық басқару жүйесінде еңбек етті.

2023 жылдан бері ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

«Қазпошта» АҚ төрағасының бұйрығымен Айзат Ізтілеуова Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметіне тағайындалды.

Айзат Ізтілеуова 1972 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында экономист мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1995 жылы жылу-электр орталығында бухгалтер ретінде бастаған. Әр жылдары жеке компанияларда, сондай-ақ «Қазпошта» мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да жауапты қызметтер атқарған.

2018 жылдан бері «Қазпошта» Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары қызметін атқарып келген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және меритократия қағидатына сәйкес Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Нұркен Еділұлы Молдашев облыстық құрылыс басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Нұркен Молдашев 1990 жылы Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін машина жасау және құрылыс мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолында бірқатар құрылыс компанияларында («БатысКонстракшн», «ККБ», «Әлім», «Уральскстроймонтаж») қызмет атқарған. Сонымен қатар БҚО құрылыс басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінде бас маман, кейін осы бөлімнің басшысы болған.

Тағайындалғанға дейін басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне қарасты Қызылорда облыстық департаментінің басшысы лауазымына Ләззат Айтымбетова тағайындалды.

Ләззат Айтымбетова 1974 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Шымкент мемлекеттік фармацевтикалық институтында провизор, сондай-ақ Орталық Азия университетінде қаржы және несие мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1996 жылы Қызылорда қалалық перзентханасында дәріхана провизоры ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасында, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жауапты қызметтер атқарған.

2024 жылдан бері аталған комитеттің орталық аппаратында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген.

Сәкен Ержанұлы Мамырбеков Түркістан халықаралық әуежайының директоры болып тағайындалды.

Жаңа басшы бұған дейін «Шымкент әуежайы» АҚ-да экономика және қаржы жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Ол әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту, стратегиялық жоспарлау мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету салаларында мол тәжірибеге ие.