Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өткен аптада бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

19 мамырда Қарағанды облысының экономика басқармасының басшысы болып Дулат Кәрімұлы Әшкенов тағайындалды. 

Дулат Әшкенов - Қарағанды облысының тумасы, екі жоғары білімі бар: Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін «көлік, көліктік техника және технология» мамандығы бойынша және Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика» мамандығы бойынша бітірген.

Мемлекеттік қызметте 14 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Әр жылдары Қарағанды облысының жол-көлік инфрақұрылымы мен жолаушылар көлігін дамыту бойынша мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеді.

Елордада Есіл ауданы әкімінің аппаратында, қалалық ортаны қалпына келтіру басқармасында жұмыс істеді, активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасында басшылық қызметтерде болды.

Содан кейін Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасында жұмыс істеді - алдымен басшының орынбасары, 2024 жылдың мамырынан бастап қазіргі тағайындауға дейін сол мемлекеттік мекемені басқарды.

Апта басында Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы лауазымына Шархан Тұрсынбаев тағайындалды. 

Шархан Шаймерденұлы Тұрсынбаев Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясын және Қазақстан Халықтар достығы университетін бітірген.

Кәсіби мансабы 2010 жылы Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында бас маман болып жұмысқа кіріскен кезде басталды. Кейінгі жылдары Әуезов және Наурызбай аудандары әкімдерінің аппараттарында түрлі қызметтер атқарды.

2018 жылы Алматы қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау жұмысы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2019 жылдан 2024 жылдың мамырына дейін Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімінің орынбасары, аппарат басшысы болып жұмыс істеді.

Осы тағайындауға дейін Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.

20 мамырда Нұрлан Ұранхаев Премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды. 

Нұрлан Ұранхаев жаңа лауазымында ол өнеркәсіп және құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Білімі:

В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты (1982-1987)

Мамандығы: «Инженер-механик»

Қазақ қаржы-экономикалық институты (1998-2001)

Мамандығы: «Экономист-менеджер»

Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті (2004-2006)

Мамандығы: «Инженер-құрылысшы»

Еңбек жолы:

Семей қаласының «Казпромтехмонтаж» тресінде шебер, прораб (1987 ж)

Семей қаласының «Сары-Арқа» АҚ сенім білдірілген басқарушысы (1995-1997 жж)

«Казиркутсклес» ЖТАҚ Бас директоры (2001-2003 жж)

Шығыс Қазақстан облысының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және көлік басқармасының бастығы (2003-2005 жж)

Шығыс Қазақстан облысы күрделі Құрылыс басқармасының бастығы (2005-2006 жж)

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2006-2007 жж)

Астана қаласы, ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары (2007 ж)

Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Астана қаласы (2008 ж)

«Ертіс» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары, Семей қаласы (2009-2010 жж)

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары (2010-2013 жж)

Семей қаласы гуманитарлық инновациялық заң университеті президентінің кеңесшісі (2013-2014 жж)

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, Астана қаласы (2014 ж)

Ұлттық экономика министрлігінің «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Бас директоры, Астана қаласы (2015-2017 жж)

Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы (2017-2018 жж)

Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы (2019 – 2022жж)

Абай облысының әкімі (2022 ж. маусым)

23 мамырда Жәнібек Сыздықов «Қызылорда облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды.

Жәнібек Сыздықов 1987 жылы дүниеге келген. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын құрылыс мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2008 жылы «Қазавтожол» кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалында жол жұмысшысы болып бастаған.

2009-2013 жылдары жеке және мемлекеттік жол құрылысы мекемелерінде еңбек еткен. 2013-2023 жылдары «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС бөлім бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымында болған. Одан кейін Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Қазіргі таңда Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы.

Жұма күні Президент жарлығымен бірнеше елде елші тағайындалды. 

- Мемлекет басшысының жарлықтарымен:

Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Оңалбекұлы Сәпиев Қазақстан Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы лауазымына тағайындалды;

Рауан Әбдіманапұлы Жұмабек Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды;

Барлыбай Кәрімұлы Садықов Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Найроби қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлімшесі жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды;

Жалғас Жұмаұлы Әділбаев Қазақстан Республикасының Эфиопия Федеративтік Демократиялық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

23 мамырда Мемлекет басшысының өкімімен Василий Лавренов Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Лавренов Василий Сергеевич 1979 жылы 17 қарашада дүниеге келген.

2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірді. 2004 жылы Дюк университетінің Құқық мектебінде және Жапонияның Кюсю университетінде Халықаралық құқық мамандығы бойынша білім алды.

Еңбек жолын 1999 жылы «Титул» заң агенттігінде заңгер көмекшісі болып бастады. Содан кейін «GRATA» заң фирмасында заңгер болып жұмыс істеді. 2001-2002 жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ заң департаментінде заң кеңесшісі болып қызмет етті.

2002-2005 жылдары «GRATA» заң фирмасы» ЖШС серіктесі болды.

2005-2007 жылдары «Bateman Kazakhstan Oil and Gas Company B.V.» Қазақстандағы филиалының заң бөлімінің бастығы, құқықтық мәселелер бойынша бас кеңесшісі болып жұмыс істеді.

2007-2008 жылдары «Интегра Менеджмент» ЖАҚ (Қазақстан Республикасындағы Өкілдік) мұнай кәсіпшілігіне қызмет көрсету компаниясының заң қызметінің директоры, 2008-2017 жылдары «Eastcomtrans» компаниялар тобының заң департаментінің директоры, бас заң кеңесшісі, 2019-2022 жылдары Greenline Services Ltd компаниясының Будапешт қаласындағы аға серіктесі, кеңесшісі лауазымын атқарған.

2022 жылдың мамырынан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметінде болды.

24 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. 

Дархан Сатыбалды 1974 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

С.Сейфуллин атындағы Ақмола ауылшаруашылығы институтын, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының «Келес» коммуналдық кәсіпорнында бастаған.

2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Бюджет және Қаржы департаменттері директорының орынбасары, Ғылым комитеті төрағасының орынбасары болған.

2010 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент бастығы лауазымына тағайындалған.

2011-2013 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің

Әлеуметтік-экономикалық бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымын атқарған.

2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған.

2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымын атқарған. Парламент Сенатының депутаты болып сайланған.

2019 жылғы наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2022 жылғы 31 тамыздан Түркістан облысының әкімі болып тағайындалды.

2025 қаңтарда ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.