Елімізде ауыл шаруашылығына баулитын агросыныптар ашылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрлігі оқушыларға ерте кәсіптік бағдар беру мақсатында агросыныптар желісін дамытып жатыр. Алғашқы пилоттық жоба Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды мминистрліктің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Жобаның мақсаты – оқушыларды агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттарымен таныстыру, алғашқы тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына көмектесу.

Агросыныптарда теориялық сабақтар аграрлық кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар базасындағы тәжірибелік жұмыстармен ұштастырылады. Оқушылар ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жұмысын көріп, заманауи технологиялардың өндірісте қолданылуымен танысады.

Қазір Ақмола облысындағы үш мектепте жеті агросынып жұмыс істейді. Қостанай облысында алты мектепте агросыныптар мен агростудиялар ашылған.

Солтүстік Қазақстан облысында жоба жеті ауданда қолға алынған. Қазіргі уақытта 120 оқушы өсімдік және мал шаруашылығы бағыттары бойынша білім алып жатыр.

Оқу үдерісіне ауыл шаруашылығы кәсіпорындары да қатысады. Сонымен қатар сабақ өткізуге М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары тартылған.

Оқушыларға Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Онда олар ғылыми әзірлемелермен, зерттеу нәтижелерімен және заманауи агротехнологиялармен танысады. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыты бойынша да агросыныптар ашу жоспарланып отыр.

-Жоба Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында жүзеге асырылу үстінде. Құжатта агроөнеркәсіптік кешенді білікті мамандармен қамтамасыз ету және жастарды ауыл шаруашылығына тарту шаралары көзделген,-делінген хабарламада.

Агросыныптар мектептегі білім мен болашақ кәсіби даярлықтың арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына болашақ мамандарды ерте кезеңнен бастап даярлауға, ал жалпы салаға білікті кадрлар резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін елімізде ауыл мектептеріне жаңа міндетті пән енгізілуі мүмкін екені туралы жаздық.