Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, биыл банктерге 1,2 миллион өтінім түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға аз. Көлікке берілетін несие санының азаюына елдегі қатал ақша-несие саясаты, тәуекелдерді алдын алу шаралары әсер еткен.
— Жаңадан берілген автонесиелердің жалпы көлемі 17,7%-ға қысқарып, 397,7 миллиард теңге болды. Бұл ретте жалпы несие алу көрсеткіші де азайғанымен (нарық тек 4,4%-ға кеміді), адамдар автонесиеден көбірек бас тарта бастаған. Бұл автонесие сегментінің өзге несие бағыттарына қарағанда тезірек төмендеп жатқанын көрсетеді, - делінген қаржыгерлер сараптамасында.
Сонымен қатар екінші деңгейлі банктердің халыққа берген жалпы несиелері ішінде автонесиенің үлесі де азайды: бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,3% болса, қазір 9,7%-ға төмендеген. Сарапшылардың пікірінше, нарықтың динамикасына несие бағасының өзгеруі қатты әсер еткен. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, сондай-ақ автосалондардың жеңілдіктері азаюы салдарынан автонесиенің орташа мөлшерлемесі өткен жылғы 14,8%-дан биыл 24,3%-ға дейін күрт өскен.
Несие беру көлемінің азайғанына қарамастан, автонесиенің жалпы портфелі бірқалыпты өсімді сақтап, 4,1 триллион теңгеге жетті (+1,8%).
Бұл ретте нарық біртіндеп қымбат автокөліктер мен ірі несиелер тарапына ойысып келеді. Мәселен, сомасы 10 миллион теңгеден асатын қарыздардың үлесі өткен жылғы 32,3%-дан биыл 37,1%-ға дейін өскен. Бұл автокөлік бағасының қымбаттауын ғана емес, тұтынушылардың таңдауы да өзгергенін білдіреді.
Автонесие портфеліндп уақытылы төленбей, мерзімі өткен берешектің деңгейі - 2,9%. Бұл жеке тұлғаларға берілетін несиелердің нарықтағы орташа көрсеткішінен (4,4%) айтарлықтай төмен. Мұндай тұрақтылық көліктің банкте кепілде тұруына және қарыз алушыларды іріктеу талаптарының қаталдығына байланысты қамтамасыз етілген.
— Қазір белсенділіктің төмендегеніне қарамастан нарықтың негізгі көрсеткіштері орнықты. Автонесие қоржыны бірқалыпты өсіп, 4,1 триллион теңгеге жетті, — деп толықтырды қаржыгерлер.
Еске салайық, бұған дейін Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев автолизингтің автонесиеге қарағанда қандай тиімділігі болатынын айтты.