Елімізде азық-түлік өндірісі 2,4 есеге артты

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2019-2026 жылдар аралығындағы деректері осыны көрсетіп отыр.

Фото: Ұлттық статистика бюросы

Министрлктің хабарлауынша, осы кезеңдегі ең айқын серпін өсімдік шаруашылығында байқалды. Жалпы өнім көлемі 2,1 еседен астам, яғни 2,8 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін артты. Мал шаруашылығында бұл көрсеткіш 1,7 есеге – 2,3 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Бұл ретте қайта өңдеу секторы да нығайып келе жатқанын айта кету керек. Азық-түлік өндірісі 2,4 есеге – 1,7 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге, сусындар өндірісі 2,5 есеге – 398 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін өсті. Қайта өңдеуді дамыту отандық шикізаттың қосымша құнын арттыруға, өнім ассортиментін кеңейтуге және ел ішінде қосымша өндірістік тізбектерді құруға мүмкіндік береді.

Осы ретте Қазақстанның сыртқы нарықтардағы позициялары нығайып келе жатқанын айта кету керек.

-Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,1 еседен астам – 3,3 млрд доллардан 7 млрд долларға дейін өскен. Экспорттық әлеуетті одан әрі кеңейту өнім сапасын арттырумен, өңдеу қуаттарын дамытумен және жаңа сату нарықтарына шығумен байланысты,-делінген хабарламада.

Осыған дейін Қазақстанның май өнімдері экспортын 1,5 млрд долларға жеткізуді көздеп отырғаны туралы жаздық.