Елімізде банкаралық QR жүйесі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық банкі сауалымызға жолдаған жауабында 18 шілдеде қолданысқа енетін жүйенің мақсаты мен артықшылықтарын түсіндірді.

Фото: pixabay

— Банктер туралы жаңа Заңға («ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ Заңы) енгізілген заңнамалық түзетулер аясында халыққа бөлшек төлем қызметін көрсететін барлық банктің банкаралық мобильді төлемдер жүйесіне қосылуы көзделген, — делінген хабарламада.

Бұл түзетулер 2026 жылғы 18 шілдеден бастап күшіне енеді.

— Банктер өз жүйелерін техникалық тұрғыдан толық жетілдіруі және сынақтан өткізу ісін аяқтап, осы мерзімге дейін жүйеге қосылуды қамтамасыз етуге тиіс, — делінген Ұлттық банк жауабында.

Банкаралық QR-төлемдерді енгізудегі негізгі мақсат — түрлі банк клиенттеріне төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы қабылдауға жағдай жасау.

— Бұл қадам сауда кәсіпорындарының бірнеше дербес техникалық шешімдерге тәуелділігін азайтып, әлеуетті сатып алушылардың қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл ретте нақты бір сауда нүктесінде қолданылатын терминалдар саны бұрынғыша кәсіпкердің өз қалауына және банктердің қызмет көрсету шарттарына байланысты шешіледі. Технологиялық тұрғыдан алғанда, банкаралық QR жүйесі әртүрлі банк клиенттерінің төлемдерін бірыңғай өзара іс-қимыл арнасы арқылы қабылдауға жол ашады. Бұл болашақта сауда орындарында бірнеше қабылдау құрылғыларын (терминалдарды) қатар ұстау қажеттілігін айтарлықтай азайтады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін 18 шілде цифрлық теңге қолданысқа енетінін жазғанбыз.