Осылайша, ауданы 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтердің орташа құны жаңа тұрғын үй нарығында шамамен 25 млн теңге, ал қайталама нарықта 25,4 млн теңге болады.
Ел бойынша абаттандырылған тұрғын үйді жалға алудың орташа бағасы бір шаршы метр үшін 5 350 теңгені құрады. Демек, ауданы 40 шаршы метр болатын пәтерді жалдау орта есеппен айына 214 мың теңгеге түседі.
Жаңа тұрғын үй бағасы бойынша Астана көш бастап тұр. Елордада жаңа баспананың бір шаршы метрі орта есеппен 747,1 мың теңге болды. Екінші орында Алматы – 739,8 мың теңге. Үшінші орында Атырау – 546,4 мың теңге.
Ал жаңа тұрғын үйдің ең төмен бағасы Оралда тіркелді – бір шаршы метрі 338,4 мың теңге. Ақтөбеде бұл көрсеткіш 356,5 мың теңге, Көкшетауда 376,1 мың теңге болды.
– Қайталама тұрғын үй нарығында ең жоғары баға Алматыда тіркелді – бір шаршы метрі 749,5 мың теңге. Астанада пәтерлердің бір шаршы метрі орта есеппен 740,4 мың теңгеден сатылды. Үшінші орында Атырау тұр, мұнда баға бір шаршы метр үшін 519,2 мың теңгені құрады. Ал ең қолжетімді қайталама баспана Қызылордада тіркелді – бір шаршы метрі 345,1 мың теңге, – делінген мәліметте.
Қайталама нарықтағы қолжетімді қалалардың қатарында Ақтау мен Тараз да бар. Ақтауда бір шаршы метрдің орташа бағасы 354,2 мың теңге болса, Таразда 354,4 мың теңгені құрады.
Пәтер жалдау құны бойынша Алматы бірінші орында. Мұнда бір шаршы метрді жалдау орта есеппен 6 224 теңге тұрады. Астанада – 6 079 теңге, Қарағандыда 5 219 теңге.
Ең арзан жалдамалы баспана Таразда тіркелген – бір шаршы метрі 2 558 теңге. Одан кейін Түркістан – 2 914 теңге және Ақтөбе – 3 381 теңге.
Бұған дейін баспана бағасы 20 пайызға қымбаттауы мүмкін екені хабарланды.