Президент тапсырмасына сәйкес, республика бойынша егіс алқаптарын әртараптандыру жоспарларына қол жеткізілді.
«Бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды, сондай-ақ майлы дақылдар және қант қызылшасы алқаптары сәйкесінше 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайтылды. Суды көп қажет ететін дақылдар алаңы – күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарды», - деді А. Сапаров Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Мемлекет басшысы 5 жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды.
Биыл Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберінде саланың өсімін 11,6% деңгейінде қамтамасыз ету мақсаты қойылған.
«Жыл басынан бері 6 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,4%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте мал шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі 103,5%, өсімдік шаруашылығында нақты көрсеткіш индексі – 103% құраған. Жоспарланған 11,6% деңгейдегі көрсеткішке қол жеткізу егін жинау жұмыстары аяқталғаннан кейін ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында қамтамасыз етіледі», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.