СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, өңірдің орман қоры 549,5 мың га аумақты алып жатыр, оның 415,5 мың га – орманды алқап. Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасына сай облыс 20 мың га аумаққа 100 млн көшет отырғызуы керек.
«2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленді. 2021-2023 жылдары 28,2 млн дана көшет отырғызылды, бұл жалпы жоспардың 28%. Былтыр 17,7 млн. дана көшет отырғызылды немесе жоспардың 77% ғана орындалды.
Жалпы 2023 жылы республика бойынша СҚО-дан бөлек 6 облыс жоспарды орындамады, олардың ішінде Павлодар - 5%, Қарағанды – 12%, Қостанай – 45%, Ақтөбе - 66%, Қызылорда -75%, Ақмола-83% ғана көшет еккен.
Біздің аймақ бойынша жоспардың орындалмауының себебі - отырғызу материалының жетіспеушілігі», - дейді басқарманың басшысы Бейбіт Исманов.
2021 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде жергілікті бюджеттен ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізу үшін мамандандырылған техника мен жабдықтар сатып алуға 463 млн теңге жұмсалған.
«Биыл питомниктерді кеңейтуге және жұмысын қамтамасыз етуге, арнайы техника, тұқым сатып алуға жергілікті бюджеттен 2 млрд 240 млн теңге бөлінбек. Қазірдің өзінде 152 млн теңгеге 12 ағаш отырғызу машинасы және 2 өрт сөндіру көлігі сатып алынды.
Кешенді жоспарға сәйкес биыл 6 350 гектарға 38,7 млн дана көшет отырғызылуы керек. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 есеге көп. 2025 жылы 7 мың гектар алқапқа 45 млн дана көшет отырғызу жоспарланған.
Қазіргі уақытта облыстың орман иелері уақытша орман питомниктерінде отырғызу материалын қазып дайындап жатыр», - дейді басқарма басшысы.
Күн жылынғалы орманшылар 394 гектар жерге 2,3 млн дана көшет отырғызған.
Көшетпен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін былтыр Аққайың орман шаруашылығында ауданы 30 гектар орман питомнигін ұйымдастыру бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеуге 20 млн теңге бөлінді.
«Бұл питомникті ұйымдастыруға шамамен 400 млн теңге қажет. Нәтижесінде ол жыл сайын 10 млн көшет беретін болады.
Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған питомниктерді кеңейту жоспарланған. Қажетті керек-жарақты сатып алуға ұңғыма қазуға қажетті қаражат бөлінді. Бұл жыл сайын 20 млн жуық көшет алуға мүмкіндік береді», - дейді Бейбіт Исманов.
Бұған дейін СҚО-да тасқын судың көп қоқыс әкелуіне байланысты өрт шығу қаупінің артқанын айтқан едік.