Елімізде бизнеске жан біте бастады: қай салаларда өсім бар

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тамыз айында іскерлік белсенділік жанданды. Іскерлік белсенділік индексі (ІБИ) 50,6 болып, бейтарап деңгейден жоғары көтерілді.

Коллаж: Kazinform / ЖИ

Ұлттық банктің мәліметінше, іскерлік белсенділіктің артуы негізінен құрылыс, өндіріс және қызмет көрсету салаларында байқалды. Тамыз қорытындысы бойынша бұл салалардағы индекс тиісінше 54,8, 52,1 және 50,9 болды. Шілдеде көрсеткіштер 51,8, 52,1 және 50,4 деңгейінде болған.

Ал сауда мен тау-кен өндіру өнеркәсібінде де оң динамика байқалғанымен, екі сектордағы индекс әлі де 50 пункттік бейтарап деңгейден төмен қалды. Саудадағы көрсеткіш 48,8, тау-кен өндірісінде 48,6 болды. Шілдеде бұл көрсеткіштер сәйкесінше 46,8 және 47,1 еді.

— Тамызда бизнес-ахуал индексі 10,7 болды. Бұл ретте бизнестің ағымдағы жағдайды бағалауы төмендеген. Ал алдағы кезеңге қатысты кәсіпкерлердің күтулері айтарлықтай өзгермеген, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары өзгеретінін хабарлағанбыз.