Елімізде бір аптада 47 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 2–9 тамыз аралығында республика бойынша 47 орман өрті тіркелді.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде – 21 өрт, мемлекеттік орман қоры жерлерінде – 26 өрт.

Өрт ошақтары мемлекеттік орман күзетінің жерүсті бақылауы, РМҚК «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының әуе патрульдеуі және орман өрттерін ерте анықтау жүйелері арқылы дер кезінде анықталды.

Өрттерге жедел ден қою мақсатында мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, РМҚК «Қазавиаорманқорғау» авиациясы мен әуе өрт сөндіру десанттары, сондай-ақ қажетті күштер мен техника жұмылдырылды.

Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде өрттердің таралуына жол берілмей, ошақтар қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді.

– Орманды қорғау – ортақ міндет. Табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз, - делінген Экология министрлігі хабарламасында.

Айта кетейік, «Семей орманы» резерватында жаңа техника сатып алуға 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді.