Елімізде бір тәулікте 9 орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – 17 тамызда республика бойынша 9 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Өрт ошақтары Шығыс Қазақстан облысында – 1, Қарағанды облысында – 2, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – 1, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – 1, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 2 және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында – 2 рет тіркелген.

– Өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК әуе патрульдеуі және мемлекеттік орман күзетінің жерүсті патрульдеуі барысында дер кезінде анықталды. Өрттерді сөндіруге орман шаруашылығы қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК күштері мен қажетті техника жұмылдырылды, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ведомство өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарды табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Айта кетейік, 1300-ге жуық құтқарушы еліміздің төрт өңіріндегі өртпен күресіп жатыр.