Елімізде бірқатар төсбелгі мен медаль атауы өзгеруі мүмкін

Мемлекеттік күзет қызметінің мамандарын марапаттайтын наградалардың атауы өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Ашық НҚА порталында жарияланған Президент Жарлығында жазылғандай, бұған дейін «Елбасының қауіпсіздігін айбынды атқарғаны үшін» деп аталып келген медаль енді «Абыройлы қызметі үшін» болып өзгертіледі. Сонымен бірге мына төсбелгілер де басқаша аталуы мүмкін:

– «Елбасы қорғаны» (бұрын) – «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің құрметті қызметкері» (ұсынылды);

– «ҚР Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің үздігі» (бұрын) – «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің үздігі» (ұсынылды);

– «Үздік спортшы-жауынгер» (бұрын) – «Үздік спортшы» (ұсынылды) төсбелгісі болып аталады.

«ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР 2022 жылғы 8 маусымдағы Заңына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің негізгі міндеті мемлекет басшысының және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылатынына байланысты өзгеріс енгізу ұсынылады», - деп түсіндірме берілген Жарлық жобасына.

Бұған қоса, тиісті құжатпен Мемлекеттік күзет қызметінен бөлек «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» жаңа награда бекітілмек. Онымен Орталық сайлау комиссиясының мамандары марапатталады.