Елімізде егіс алқабының жалпы көлемі 23,7 млн гектарға жетті

Фото: Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл еліміздегі егіс алқабының көлемі 23,7 млн гектарға жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: нәтижесінде 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды. Азықтық және майлы дақылдар алқаптары ағымдағы жылы 3,3 млн гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектарды құрайды. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға орналастыру жоспарлануда. Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ, оның ішінде дәстүрлі әдіспен өсірілетін алаң 21,4 мың гектарға қысқарып, 85 мың гектарды құрайды», — деді ол көктемгі дала жұмыстары жайлы баяндамасында.

Сондай-ақ министр биыл жалпы егіс алқабының аумағы ұлғайғанын атап өтті.

— Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп, - деді Айдарбек Сапаров.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көктемгі егіс науқаны аяқталуға жақын.