Елімізде фармацевтикалық өндіріс көлемі 8,2%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Былтыр аталған салада 191,1 млрд теңгенің тауары өндірілген. Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.
— Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өндіріс көлемі 8,2%-ға өсіп, 191,1 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы 175,8 млрд теңге болған. Ал 2026 жылдың қаңтар айындағы фармацевтикалық өндіріс көлемі — 15,7 млн теңге, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде 209 қазақстандық тауар өндіруші тіркелген. Олардың 43-і дәрілік заттарды, қалғандары медициналық бұйымдарды өндіреді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, фармацевтикалық өнімдер өндірісі саласында 316,3 млрд теңге сомасына 6 инвестициялық келісім жасалды. Соның арқасында дәрілік заттың 400-дей түрі өндіріліп, 1100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.