Министрдің айтуына қарағанда, бір жыл ішінде осынша учаскені сауда-саттыққа шығару — айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Оның нәтижесі алдағы уақытта байқалуы мүмкін.
— Бір жылдың ішінде 112 учаскені сауда-саттыққа шығару — айтарлықтай үлкен көрсеткіш. Жақын арада олардың нәтижесі бойынша оң өзгерістерді көреміз. Геологиялық зерттеулер мен бұрғылау жұмыстарының нәтижелері бағалау жүргізу үшін энергетика министрлігіне қолжетімді болады, — деді Ерлан Ақкенженов.
Оның мәліметінше, 2023-2025 жылдары 126 учаске аукционға шығарылған. Сауда-саттыққа қазақстандық және шетелдік компаниялар, соның ішінде Қытай мен көрші мемлекеттердің инвесторлары қатысады.
Инвесторлардың геологиялық зерттеу мен бұрғылау жұмыстарын жүргізу, жергілікті қамтуды дамыту, тауарлар мен қызметтерді сатып алу, сондай-ақ кадрларды даярлау және оқыту жөніндегі міндеттемелеріне баса назар аударылады.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов ұлттық компанияның геологиялық барлау бағдарламасы 4,7 млрд тонна шартты отын ресурстары бағаланған 47 учаске мен 23 жобаны қамтитынын айтты.
Сонымен қатар компания 60 мың сызықтық километрге сейсмикалық барлау жүргізіп жатыр. Зерттеу жұмыстары 8 мың метрге дейінгі тереңдіктегі геологиялық қабаттарды қамтиды.
Бағдарлама жаңа кен орындарын ашуға және Қазақстанның ресурстық базасын толықтыруға бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда алтын, мыс және сирек жер элементтерін іздеу күшейтілетінін жазған едік.