Елімізде инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеудің жаңа тетігі құрылды

АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанынан инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу жөніндегі комиссия пайда болды.

Фото: ITSW қоры

Жаңа тетік инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын келіспеушіліктерді сотқа жүгінбей шешуге мүмкіндік береді. 

Тиісті Қағидалар ҚР Бас прокурорының бұйрығымен бекітілді. Комиссия инвесторлар мен мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар, мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері арасында инвестициялық қызметке тікелей байланысты туындайтын дауларды реттеудің қосымша құралына айналады.

Тәжірибеге сүйенсек, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында келіспеушіліктерді жедел шешуді талап ететін жағдайлар туындайды. Олар мемлекеттік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне, міндеттемелердің орындалуына, жобаны іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасауға және инвестициялық қызметке тікелей байланысты басқа да мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда тараптар дауды Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы арнайы алаңға шығарып, инвестициялық салаға тікелей қатысы бар ұйымдардың өкілдері қатысатын алқалы тәртіппен қарауға мүмкіндік алады.

— Бұл тетіктің негізгі мақсаты — инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындауы мүмкін даулы мәселелерді уақытылы шешіп, әкімшілік сипаттағы келіспеушіліктердің инвестицияларға кедергі келтіруіне жол бермеу, — деді Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы. 

Бұл ретте Комиссияның құзыреті нақты реттелген. Инвестициялық қызметке қатысы жоқ корпоративтік, коммерциялық және өзге де азаматтық-құқықтық даулар комиссияның құзыретіне жатпайды.

Комитет төрағасының айтуынша, әрбір нақты кейс бойынша істің мән-жайы ескеріле отырып, комиссия бес лауазымды тұлғадан құралады. Оның құрамына Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің өкілдері кіреді. Қажет болған жағдайда бейінді мемлекеттік органдар да тартылуы мүмкін.

Маңыздысы, комиссияға тек инвесторлар ғана емес, мемлекеттік органдар мен инвестициялық прокурор да жүгіне алады. Мұндай тәсіл инвестициялық дау тараптары арасында диалог орнатып, оны шешудің ортақ жолдарын іздеуге мүмкіндік береді.

— Біз бұл тетікті ең алдымен инвесторларды жедел қорғаудың құралы ретінде қарастырамыз. Біздің міндетіміз — туындайтын даулардың барынша жылдам әрі конструктивті түрде шешілуін қамтамасыз етіп, инвестициялық жобалардың әкімшілік кедергілерсіз іске асырылуына жағдай жасау, — деп атап өтті Бауыржан Ералы. 

Осылайша, жаңа тетік дауды сот талқылауына жеткізбей, оны сотқа дейінгі кезеңде шешуге бағытталған. 

Бұдан бұрын Алматы облысында инвесторлардың жұмысына кедергі келтірген 18 шенеунік жазаланғанын жазғанбыз.