Елімізде қаңтардан бері 12 мың тұрғын үй пайдалануға берілді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында 12 мың тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде 567 көппәтерлі үй, 11 430 жеке үй және 16 жатақхана. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті.
Стат бюроның дерегінше, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7% өсіп, 6 021,3 мың шаршы метр болған, оның ішінде:
3 854,7 мың ш.м. – көппәтерлі үйлер
2 126,7 мың ш.м. – жеке үйлер
Енгізілген тұрғын үй көлемі бойынша көш бастап тұр:
Астана – 1 505,4 мың ш.м.
Алматы – 1 138,8 мың ш.м.
Алматы облысы – 463 мың ш. м
Былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда ең көп өсім Түркістан облысында (+25,5%), Шымкентте (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды.
Тұрғын үйдің басым бөлігі – 5 663,3 мың ш.м. немесе 94,1% жеке құрылыс мекемелерімен салынған, оның ішінде 2 175,3 мың ш.м. халықтың өз күшімен.
Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі бес айда 15,4% өсіп, 2 001 млрд теңгені құрады. Өсім еліміздің 18 өңірінде тіркелді.
Еске сала кетейік, бұған дейін үкіметте айтылғандай Қазақстанда 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетінін жазған едік.