Елімізде қар барысының саны артты ма
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев елде барыс пен жолбарыс санын қалпына келтіру іс-шараларына түсінік берді.
— Барыстың санын қалпына келтіру үшін де бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Негізгі мекендеу орындарында 3,6 миллион гектарды құрайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылды. Барысты қорғау және бақылау бойынша жүргізілген күш-жігердің арқасында оның санын 90-шы жылдардағы қауіпті деңгейден (80-100 бас) екі еседен астамға арттырып, шамамен 189-ға дейін жеткіздік, — деді вице-министр.
Бұдан бөлек, жолбарыстардың санын қалпына келтіру бағдарламасы аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи қорығы (415 мың га) құрылды.
— Жолбарыстың табиғи жемтік қорын қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында қорыққа 205 бас бұғы әкелінді, 100-ден астам құлан көшірілді, елік пен қабанның саны артты. 2024 жылдың күзінде екі жолбарыс Нидерландтан Іле-Балқаш қорығында өсіру үшін әкелінді. 2026 жылы Ресейден 3-4 жолбарыс жеткізілмек, — деді Нұркен Шәрбиев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті депутаттарының бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді.