Елімізде кейінгі 5 жыл ішінде халық саны 8,8 пайызға өсті

14 қарашада Қазақстан Республикасы халқының саны 20 миллионға жетті. Елімізде кейінгі 5 жыл ішінде халық саны 8,8 пайызға өсті, ал елдегі балалардың саны 6,6 миллионды құрады., деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен жылы босандыру қызметінің үйлесімді жұмысының арқасында 410 мың кішкентай қазақстандық аман-есен дүниеге келген. 2023 жылдың басынан бастап жаңа туған нәрестелердің саны 339 650-ға жетті. 

Бүгінде елімізде 250 босандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 39 перинаталдық орталық бар. Онда ана болу қауіпсіздігінің барлық қағидаттары енгізіліп, салмағы 500 грамнан асатын сәбилерді күту үшін терапия мен реанимацияның заманауи технологиялары қолданылады. 

Сәби жасындағы ауруларды ерте анықтау және уақтылы түзету, емдеу мақсатында скринингтік бағдарламаларды жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Зат алмасудың тұқым қуалайтын ауруларын, сенсорлық бұзылуларды диагностикалаудың жаңа әдістері ерте араласу, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік мәні бар аурулардың жүктемесін азайту мақсатында енгізілуде. Республика бойынша жүкті әйелдерді 1,2 миллионға дейін пренаталдық скринингпен қамтуды елеулі арттыратын 20 ұрықты сақтау орталығы ашылды. Неонаталдық скринингпен 400 мыңнан астам жаңа туған нәресте, психофизикалық скринингпен – 3 жасқа дейінгі 1,5 миллион бала және 6 жасқа дейінгі 2 миллион бала аудиологиялық скринингпен қамтылды.

Биылғы жылы перзентханада 7,5 мың шала туған нәрестелер ерте араласу тәсілін қолдану және сәбилерге дүниені көруге көмектесу үшін ретинопатия скринингінен өтті. Балалардың денсаулығын нығайту мақсатында жыл сайын туғанынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Биыл 9 айында 4,3 миллион бала профилактикалық тексеруден өтті. Неонатологиядағы жоғары мамандандырылған көмек дамыған жағдайда дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Сәбилер өлімі 1,5 есе төмендеді және бүгінгі күні бұл көрсеткіш тұрақты болып қалуда. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытудың 2024 – 2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасының жобасы әзірленді. 

Қазақстандағы балаларға медициналық көмек кепілді көлем шеңберінде де, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де тегін көрсетіледі, өйткені балалар мемлекеттің есебінен сақтандырылған. Жыл сайын амбулаториялық деңгейде балалардың 100 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қабылдауы тегін жүргізіледі, тәулік бойы стационарларда 500 мыңнан астам бала көмек алады, алғашқы туған күндерінен бастап күрделі жоғары технологиялық араласуды қоса алғанда, 100 мыңнан астам операция жүзеге асырылады. 

Айта кетейік, балалардың денсаулығын сақтау саласында бүгінде 2 640 педиатр, 773 неонатолог жұмыс істейді.