Нотариусқа не үшін ақы төлейміз?
Жылжымайтын мүлікті нотариус арқылы рәсімдегенде төленетін ақы екі бөліктен тұрады. Бірі – мемлекет бюджетіне түсетін мемлекеттік баж, екіншісі – жекеше нотариустың қызмет ақысы.
Бұл төлемдерге қатысты жеңілдіктер бөлек белгіленген. Мысалы, азамат мемлекеттік баждан босатылғанымен, нотариустың қызметіне ақы төлеуі мүмкін. Керісінше, нотариус қызметіне жеңілдік берілгенімен, мемлекеттік баж төлеуге міндетті болуы ықтимал.
Сондықтан пәтерді, үйді немесе жер телімін толықтай тегін рәсімдеу үшін екі төлемнен де босатуға заңды негіз болуы керек.
Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу қанша тұрады?
Қазақстанда нотариус қызметінің ақысы айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленеді. 2026 жылдағы бір АЕК – 4 325 теңге.
Мәселен, ата-ана мен бала немесе ерлі-зайыптылар арасында пәтерді сату не сыйға тарту шартын рәсімдеу әдетте 7–10 АЕК, яғни шамамен 30–43 мың теңге тұрады.
Ал бір-біріне туыс емес адамдар арасында мұндай мәмілені рәсімдеу құны 12–15 АЕК немесе шамамен 52–65 мың теңге болуы мүмкін.
Мұраға қалған бір жылжымайтын мүлікке мұрагерлік құқық туралы куәлік алу үшін 3–5 АЕК көлемінде ақы төленеді.
Мұндай шығын әсіресе әлеуметтік жағынан осал азаматтарға ауыр тиюі мүмкін. Сондықтан заңда бірқатар жеңілдік қарастырылған.
Мемлекеттік бажды кімдер төлемейді?
Нотариаттық әрекеттер үшін мемлекеттік баждан босату тәртібі Салық кодексінің 667-бабында белгіленген.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимованың айтуынша, жеңілдік азаматтың мәртебесіне ғана емес, қандай нотариаттық әрекет жасалатынына да байланысты.
– Салық кодексінің 667-бабының 2-тармағына сәйкес, азаматтардың белгілі бір санаттары нотариаттық әрекеттер үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылады. Жеңілдік қандай әрекет жасалатынына және заңда белгіленген талаптарға байланысты беріледі. Мәселен, мемлекет пайдасына өсиетхат немесе мүлікті сыйға тарту шартын рәсімдеген азаматтар мемлекеттік баж төлемейді. Сондай-ақ 18 жасқа толмаған жетім балалар мұрагерлік құқық туралы куәлік алған кезде бұл төлемнен босатылады. Егер мұрагер марқұммен ол қайтыс болғанға дейін кемінде үш жыл бірге тұрып, кейін де сол баспанада тұруын жалғастырса, тұрғын үйге немесе тұрғын үй-құрылыс кооперативіндегі пайға мұрагерлік құқық туралы куәлік алғаны үшін мемлекеттік баж төлемейді, – деп түсіндірді Гүлмира Сабралимова.
Бұдан бөлек, заңда мемлекеттік баждан босатылатын басқа да азаматтар мен ұйымдар көрсетілген. Олардың кейбіріне жеңілдік барлық нотариаттық әрекет бойынша, ал өзгелеріне белгілі бір қызмет түріне ғана беріледі.
Олар:
• Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар;
• 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай тылда еңбек еткен немесе жанқиярлық еңбегі мен тылдағы әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталған адамдар;
• барлық топтағы мүгедектігі бар адамдар;
• мүгедектігі бар баланың немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі;
• «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар;
• Қазақстан азаматтығын алуға тікелей байланысты нотариаттық әрекеттер бойынша қандастар;
• қорғаншылыққа алынған, психикалық бұзылыстары немесе ақыл-ой кемістігі бар адамдар (тек мұрагерлік құқық туралы куәлік алған кезде);
• Қазақстанды қорғау, әскери немесе азаматтық борышын орындау, адам өмірін құтқару, мемлекеттік меншікті және құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың мұрагерлері;
• «Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың ерікті қоғамы» одағы, саңыраулар мен зағиптар қоғамдары және оларға қарасты өндірістік кәсіпорындар.
Нотариус қызметі кімдерге тегін?
Мемлекеттік баждан бөлек, жекеше нотариустың құқықтық және техникалық қызметтері үшін де ақы төленеді. Бұл төлемнен кімдер босатылатыны «Нотариат туралы» заңның 30-бабының 5-1-тармағында көрсетілген.
Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің мәліметінше, заңда бірқатар азаматтың нотариус қызметін тегін пайдалану құқығы қарастырылған.
– Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың немесе бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының бірі, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын қарт адамдар жекеше нотариустың қызметіне ақы төлемейді. Олар үшін нотариаттық әрекеттер тегін жасалады, – деп түсіндірді ведомство.
Ал 18 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пайыз жеңілдік беріледі, олар нотариус қызметі үшін белгіленген ақының жартысын ғана төлейді.
Мұндай жеңілдік мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне қарасты өндірістік кәсіпорындарға да беріледі.
Зейнеткерлер пәтерін тегін рәсімдей ала ма?
Көпшілік зейнеткер куәлігін көрсетсе, нотариусқа ақша төлемеуге болады деп ойлайды. Бірақ мұндай жеңілдік жылжымайтын мүлікке қатысты барлық мәмілеге қолданылмайды.
Жасына байланысты зейнетке шыққан азаматтарға кейбір нотариаттық қызметтер бойынша жеңілдік берілгенімен, мүлікке қатысты негізгі мәмілелер бұл тізімге кірмейді.
– Заңда зейнеткерлерге берілетін жеңілдіктердің мүлікке қатысты бірқатар нотариаттық әрекетке қолданылмайтыны нақты көрсетілген. Атап айтқанда, сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттарын куәландыру, мұрагерлік құқық туралы куәлік беру, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлік рәсімдеу кезінде жеңілдік қарастырылмаған. Сондықтан зейнеткерлер бұл қызметтер үшін жалпы тәртіппен ақы төлейді, – деп түсіндірді Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінен.
Демек, зейнетке шығу жылжымайтын мүлікке қатысты нотариаттық шығындардан толық босатпайды. Бірақ азаматтың басқа негіз бойынша жеңілдік алуға құқығы болса, ол ескеріледі.
Мәмілеге қатысушылардың біреуінде ғана жеңілдік болса ше?
Айталық, мүгедектігі бар азамат пәтерін сатпақ болды. Ал сатып алушының ешқандай жеңілдігі жоқ.
Мұндай жағдайда жеңілдік тек оған құқығы бар адамға беріледі. Сондықтан сатушы өзіне тиесілі төлемнен босатылады, ал сатып алушы өз үлесін төлейді.
Дегенмен тараптар шығынды басқаша бөлісуге өзара келісе алады.
Ал жеңілдікке құқығы бар азамат сенімхат, өсиетхат немесе мұраны қабылдауға қатысты құжатты өзі рәсімдесе, заңда белгіленген талаптарға сәйкес тиісті төлемнен толық босатылады.
Жеңілдік алу үшін қандай құжаттар қажет?
Нотариус қызметін тегін пайдалану үшін азамат жеңілдікке құқығы бар екенін құжатпен растауы керек. Сондықтан өз мәртебесін ауызша айту жеткіліксіз.
Жеңілдіктің түріне қарай мына құжаттардың түпнұсқалары қажет:
- мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындалғаны көрсетілген зейнеткерлік куәлік немесе мүгедектікті растайтын қолданыстағы анықтама;
- Ұлы Отан соғысы ардагерінің немесе ұрыс қимылдарына қатысушының куәлігі;
- «Батыр ана» атағын, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқасын алғанын растайтын құжат;
- мүгедектігі бар баланың туу туралы куәлігі;
- мұра қалдырушымен ол қайтыс болғанға дейін кемінде үш жыл бірге тұрғанын және кейін де сол баспанада тұрып жатқанын растайтын құжаттар.
Нотариус ұсынылған құжаттардың мәліметтерін Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге енгізеді. Жеңілдік расталғаннан кейін жүйе қызмет құны нөл теңге деп көрсетілген нотариаттық құжатты қалыптастырады.
Сондықтан нотариусқа бармас бұрын қандай жеңілдікке құқығыңыз барын және оны қандай құжатпен растай алатыныңызды анықтап алған жөн.
Бұған дейін Қазақстанда нотариус қызметін кімдер тегін пайдалана алатынын жазған едік.