Барлық сайлау учаскесінің 79-ы Қазақстанның 61 шет мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған. Олардың ішінде Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сайлау учаскесі Астана уақытымен сағат 03:00-де жұмысын бастап кетті.
Ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы еліміздің Бас консулдығы жанында ашылған сайлау учаскесі Астана уақытымен 19:00-де ашылады.
Ал Иран мен Украинадағы әскери-саяси жағдайдың күрделілігіне байланысты Қазақстанның аталған елдердегі Елшіліктері жанындағы сайлау учаскелері жұмысын тоқтатса, Эфиопиядағы Елшілік жанындағы сайлау учаскесі сайлаушылардың жоқ болуына байланысты ашылмайды.
Айта кетерлігі, еліміздегі 100-ден астам сайлау учаскесі жұмысын таңғы сағат 6:00-де бастады. Сонымен қатар әскери бөлімдерде, шалғай және қатынасу қиын аудандарда, шалғайдағы мал шаруашылығы учаскелерінде, үздіксіз жұмыс істейтін өндірісі бар ұйымдарда, демалыс үйлерінде, санаторийлік-курорттық ұйымдарда, стационарлық жағдайда емделіп жатқан, жұмысты вахталық әдіспен ұйымдастыру орындарында қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, ҚР шет мемлекеттердегі өкілеттіктері жанында құрылған сайлау учаскелерінде егер тізімге енгізілген барлық сайлаушы дауыс берсе, учаскелік сайлау комиссиясы кез келген уақытта дауыс беруді аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердің саны — 625.
Құрылтай депутаттығынан «Ақ жол», ЖСДП, «Әділет», ҚХП, «Ауыл» партиясы, «Байтақ» және Respublica партияларының өкілдері үмітті. Аталған партиялардың өкілдері үгіт-насихат кезеңінде 4 мәрте телебедатқа қатысты. Құрылтайдың 145 депутаттық мандатына 545 кандидат тіркелген.