Елімізде маймыл шешегі ауруы тіркелген жоқ – ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта әлемнің көптеген елінде маймыл шешегі ауруы белең ала бастады. Бұл ретте, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ел шекарасында жолаушыларды тексеру жүйелі жүргізілетінін атап өтті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Мемлекеттік шекара арқылы өткізу орындарында санитарлық-карантиндік бақылау жүргізіледі. Шекарада аса қауіпті індеттерге күдікті науқасты қашықтан термометрия арқылы анықтау (алдын алу) бойынша іс-шаралар жалғасады», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Сұлтанғазиев Тимур.

Оның айтуынша, маймыл шешегі сирек кездесетін жұқпалы ауру. Ол қызба, жалпы интоксикация және экзантеманың (қызару) пайда болуымен сипатталады. Індеттің инкубациялық кезеңі 5-тен 21 күнге дейін созылады. Адамдарда дененің қызуы, әлсіздік, бөртпе, құсу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, бас айналу сияқты белгілер пайда болмақ.

Инфекция жұқтырған адамның қанымен немесе оның биологиялық сұйықтықтарымен, сондай-ақ ауру жануардың етін қолдану арқылы да пайда болуы мүмкін.