Елімізде өңдеуші өнеркәсіптің өндіріс көлемі 25 трлн теңгеге жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 трлн теңгеге артты.
— Елдің өнеркәсіптік саясаты өңдеуші өнеркәсіпті тұрақты дамытуға бағытталған. Бұл — бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық және экспортқа бағытталған өнім өндіру көлемін арттыру, сондай-ақ шикізат моделінен бас тарту арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қолдау шаралары, ең алдымен, экономиканың ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын, негізінен орта және жоғары қайта өңдеу өнімдерін өндіруге бағытталған индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне көрсетіледі, — делінген Премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында.
Үкімет басшысы келтірген мәліметке сай, өңдеу деңгейі министр бұйрығымен бекітілген бағалау әдістемесіне сәйкес айқындалады. Аталған әдістемеде технологиялық күрделілік, экспорттық әлеует және ішкі сұраныс сияқты өлшемшарттар ескерілген.
— Қолданылған шаралардың нәтижесінде өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 7,9 трлн теңгеге өсті. 2024 жылы саланың нақты көлем индексі 106,9%-ды (жоспар — 104,8%) құрап, номиналды көлемі 25,0 трлн теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 074,5 млрд теңгені құрады (2021 жылмен салыстырғанда +34,6%). Өңделген өнім экспорты 28,8 млрд АҚШ долларын құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 45,1%-ға артты. Статистика деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–мамыр айларында Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісінің индексі 106,0%-ды құрады. Осы кезеңде жалпы сомасы 2 387,8 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді, — дейді Премьер-министр.
Еске сала кетсек, жуырда өткен Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевқа металлургия саласына назар аударуын ескертіп, саланың даму қарқыны мәз емес деп сын айтқан еді.