Елімізде өнертабыс неге өндіріске жетпейді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Өркениетке ұмтылған ел өнертапқышын өгейсітпей, тәуір жаңалығын өндіріске енгізуде ақша да, күш те аянып қалмайды. Алайда, бұл жағынан ұятты екенімізді мойындауға тиіспіз.
Көптеген жоба қағаз күйінде қалады
Оrtcom.kz сайты ұсынған Әділет министрлігінің наурыз айына дейінгі мәліметіне сүйенсек, 37 190 өнертабыс пен 10 198 пайдалы модель Қазақстанның өнеркәсіптік меншігінің мемлекеттік тізіміне алынған.
Бұл еліміздің жоғары ғылыми және инженерлік әлеуетін көрсетеді. Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли алайда соның көбі әзірге жоба күйінде қалып отырғанын жеткізді. Қашан жүзеге асатыны да тап басып айтылмайды.
— Сөзімізге бірнеше мысал келтіруге болады. Соның бірі — ұшқышсыз тік ұшу және қону әуе кемесі. Патент иесі — «Қазақстан инжиниринг» Research& Development орталығы. Пайдалы модель — аэродинамикалық қасиетін жақсарту есебінен ұшу уақытын ұлғайтуды, ұшу және қону кезінде пайдалы жүктемені қорғауды, берілген маршрут бойынша автоматты пилоттық мүмкіндікті қамтамасыз ететін түпнұсқа конструкциясы бар ұшқышсыз ұшу аппараты. Екінші жоба — шынжыр табанды платформаға негізделген роботтандырылған жерүсті кешені. Патент иесі — әлгі компания. Кешеннің модульдік дизайны оған әскери мақсатта қолданудан бастап өрт сөндіруге дейінгі түрлі міндеттерге бейімделуге мүмкіндік береді. Жобада қосымша жабдықтар орнату және жүк тасымалдау жағы қарастырылған, — деді ведомство өкілі.
Тағы бір жоба — М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті патенттеген электромобильдерді аз уақытта қуаттауға арналған станция.
Бұл жоба электрлі көліктерді қуаттау тиімділігін арттырып, желіде шамадан тыс жүктемені болдырмауға және 6 темір тұлпарды бір мезетте қуаттауға көмектеседі.
Осы орайда өнертабыс пен пайдалы модельдің аражігін ажыратып алайық. Өнертабыс — бұрын қолданыста болмаған жаңа дүниені жасап шығару немесе оны жасаудың өзгеше әдісін ұсыну.
Ал пайдалы модель — кез келген салада қолданылып жүрген өнімге немесе әдіске қатысты жаңа техникалық шешім, сондай-ақ белгілі бір өнімдер мен әдістерді пайдаланудың жаңа түрлері.
Құжат рәсімдеуде қиындыққа кезігеді
Елімізде шығармашылық өнім объектілерін тіркеумен Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің Ұлттық зияткерлік меншік институты (QazPatent) айналысады.
Патент заңының 4-бабының 1-бөлігіне сәйкес ұйым өнеркәсіптік меншік объектілері жөніндегі өтінімдерге сараптама жүргізеді, өнеркәсіптік меншік объектілерін тиісті мемлекеттiк тiзiмге алады, қорғау құжаттары мен олардың телнұсқаларын береді, патенттерді жарамсыз деп таниды.
Олардың қолданысын мерзімінен бұрын тоқтатады, мүдделі тұлғалардың өтінішімен тіркелген өнеркәсіптік меншік объектілері туралы мәліметті іздестіреді. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес өнеркәсіптік меншік объектілеріне арналған өтінімдерді қарайды.
— Өнертабысқа, егер ол жаңа, өнертапқыштық деңгейі бар және өнеркәсіпте қолдануға жарамды болса, құқықтық тұрғыда қорғалады. Өтінімге ресми және мәні бойынша сараптама жүргізілгеннен кейін патент беріледі. Ол жиырма жылға дейін жарамды. Заңның 6-бабында қандай жағдайда патент берілмейтіні көрсетілген. Оның ішінде қоғамдық тәртіпке, iзгiлiк пен мораль қағидаттарына қайшы келетiн ұсыныстар өнертабыс деп танылмайды. Сонымен қатар адамды клондау тәсілдеріне және оның клонына, адамның ұрықтық желісі жасушаларының генетикалық тұтастығын өзгерту тәсілдеріне, адам эмбриондарын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттарда пайдалануға патент берілмейді, — деді институт директорының орынбасары Ғазиз Әміреев.
QazPatent ұсынған мәліметке сенсек, 2023 жылы ұлттық және шетелдік өтінім берушілерге өнертабыс үшін 492, 2024 жылы 562, жыл басынан бері. 255 патент берілді.
Өнертабыстар негізінен адамның өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында, әртүрлі технологиялық процестер, химия, металлургия салаларында жасалған.
— Өтінім берушілер көбіне өнертабыс ретінде қорғалатын объектілерді таңдауда, құжат рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болып жатады. Сондықтан өтінім бермес бұрын ақпараттық іздеу жұмысын жүргізуге кеңес береміз. Себебі өнертабыс патенттеуге лайық па, жоқ па, әуел соны анықтап алу керек, — деді Ғазиз Әміреев.
Әділет министрлігі өнертабыс иелерін ынталандыру мақсатында жылда республикалық «Шапағат» конкурсын ұйымдастырып тұрады.
Байқау алғаш рет 2004 жылы Алматы қаласында өткен. Ұлттық зияткерлік меншік институтының мәліметіне қарағанда содан бастап он жыл ішінде конкурстың түрлі номинациясы бойынша 160 отандық өнертапқыш марапатталды.
2013 жылдан бері таңдаулыларға «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» құрметті атағы беріліп келеді. Бүгінге дейін 35 өнертапқыш осы атаққа лайық деп танылды.
Елеусіз еңбек, тасада қалған өнертабыс
«Шапағат» байқауында 2020 жылы топ жарғандардың бірі — химия ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрбол Аппазов.
Жерлесіміздің күріш қауызы мен мұнай шламынан белсендірілген көмір алу тәсілі үздіктер қатарынан көрінді. Ол әріптестерімен, шәкірттерімен бірге ғылыми зерттеу нәтижесінде 60-тан астам патентке қол жеткізген.
— Еліміздегі күріштің 80%-ы Қызылордада өседі. Оны орып, жинау, ақтау кезінде көп мөлшерде сабаны, қауызы қалып қояды. Бұл қалдық қажетке жарамайды. Сабанды қыста тек малдың астына төсейді. Сондықтан оны өртеп жібереді. Күріш қауызы оңайлықпен өртенбейді, бықсып жанып жата береді. Он шақты жылдың жүзі болды, экологтар оны өртеуетыйым салды. Өйткені өртеніп болғасын күлінің құрамында кремний диоксиді түзіледі. Ол ауа арқылы адамның өкпесіне қонып, емі жоқ силикоз ауруына душар етеді. Ал силикоз туберкулезді асқындырып, өкпенің қабынуына әкеп соғады. Күріш қауызын ұсақтап мал жеміне қосып беретіндер бар, бірақ оны мал қорыта алмайды. Сондықтан күріш қалдығын термиялық өңдеу арқылы биокөмір, гидрокөмір, белсендірілген көмір алу бағытында іргелі зерттеу жүргізгенбіз. Белсендірілген көмірді Қызылорда қаласынан шыққан кәріз жүйесі суын тазалауға, Тасбөгет кентінде ағаш екпелері мен мал азығын өсіруге қолдандық. Ол медицинада бактерияға, зең саңырауқұлағына, қатерлі ісікке қарсы күресте көмектесетін, қартаю процесін тежейтін қасиетке ие, — деді ғалым.
Нұрбол Аппазов жетекшілік жасаған ғылыми зерттеу тобы «Құмкөл» кен орнында түзілген мұнай қалдығын өңдеп, одан мұнайды бөліп алу бағытында да нәтижелі жұмыс атқарды.
— Көп адам ғалым ғылыми жаңалық ашып, оны өндіріске енгізбесе, несі ғалым деп ойлайды. Көше сыпырушыдан үй салуды, құрылысшыдан бухгалтер болудыталап ете алмайтының сияқты бұл — қате пікір. Ғалым зертханада зерттеумен айналысады, нәтижесін патенттейді, ғылыми еңбек ретінде жариялайды. Сол кезде ғалымда басқа іспен айналысатын уақыт қалмайды. Ал ғылыми айналымға шығару үшін арнайы мекеме немесе ғылымды коммерцияландырумен айналысатын менеджер болуы керек. Біздің де өндіріске енбей қалған жұмысымыз өте көп. Соларды жүзеге асыру үшін бизнес серіктестер іздестіріп жатырмыз, — деді Нұрбол Аппазов.
Қызылордалық өнертапқыш Марат Палмахов қарапайым заттар мен құралдардан баламалы энергия көзін құрастырған.
Аса көп шығынды қажет етпейтін әрі экологиялық жағынан тиімді генератор үшін бірнеше жыл бұрын арнайы орындардан патент алған.
— Генератор толық автономды, яғни оның жұмыс істеуі үшін адам күші, өзге де сыртқы факторлар қажет емес. Қуат көзі ретінде жел, су, электр энергиясы немесе отынды қажет етпейді. Сондықтан алыс елді мекендерде, фазенда, омарта, фермерлік шаруашылықтарда қолдануға өте ыңғайлы. Оның көмегімен өндіріс ошақтарын электр қуатымен қамтамасыз етуге болады, — деді Марат Палмахов.
Одан бөлек, мегаполистерді көлік, өндіріс ошақтарының түтінінен тазартуға мүмкіндік беретін құрылғы ойлап тапқан. Айтуынша, қуатты желдеткіштерді көпқабатты үйлердің төбесіне қойып, ауаны сүзгіден өткізуге болады.
Қай өнертабыстың да артында ұйқысыз түндер, жүйкені тоздырған зерттеу, үлкен күш пен талай жыл тұрғанын біреу білсе, біреу білмейді. Өнертапқыш сөйткен еңбектің бағаланбай келе жатқанына қапалы.
— Скептиктер көп. Елге пайдаңды тигізгің-ақ келеді, бірақ басым бөлігі қолдау көрсетудің орнына аяқтан шалып, артқа тартады. Президентке дейін қолдау сұрап, хат жаздым. Талай есікті қағып, табалдырықты тоздырдым. Бәрі әне-міне деген сылтаумен арқамнан қағып немесе сөзімді келекеге айналдырып шығарып салады. «Қазақстаннан қолдау күтпей-ақ қой» дегендер болды. Басқа мемлекеттер өзіне шақырып жатыр. Өзбекстан бастап, оған Қырғызстан, Еуропа, Қытай, Америка қосылды, — деді кейіпкеріміз.
Өз елі өгейсіткен өнертапқыш соның біріне кетуге белін бекем буып отыр. Осыдан-ақ талай талантты отандасымыздың еңбегі елеусіз, өнертабысы тасада қалып жатқанын бағамдауға болатын сияқты.
Дегенмен, елде ғылыми жаңалықтарды қаржыландыру жолға қойылып келеді. Өнертабыс авторларының арасында ғалымдар аз емес екенін ескеру қажет.
Қазақстанда ғылым бірнеше бағыт бойынша қаржыландырылады. Мемлекеттен, ұлттық ғылыми қорлардан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен жеке сектордан түсетін гранттар есебінен жүзеге асырылып келеді.
Дегенмен, қаржының негізгі бөлігі әзірге мемлекеттің үлесінде. Ғылымды қолдайтын бірнеше ұлттық қор жұмыс істейді, соның бірі — «Ғылым қоры» АҚ.
Қор 2022, 2023 және 2024 жылдардағы ғылыми жобаларды коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурстар қорытындысын жариялады.
— Барлығы 208 жоба, оның ішінде 2022 жылғы конкурста 64 жоба, 2023 жылғы конкурста 69 жоба, 2024 жылғы конкурста 75 жоба іске асырылды.2025 жылғы 8 мамырдағы жағдай бойынша 206 жоба іске асырылып жатыр, — делінген қор сайтындағы хабарламада.
Дегенмен, ғылыми жаңалық болсын, өнертабыс болсын, оны кеңінен өндіріске енгізуде жоғарыда аталып өткен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз секілді.
Кейіпкеріміз профессор Нұрбол Аппазовтың сөзінен осыны аңғардық.
— Зерттеу жүргізу үшін лабораториялық база, реагенттер, химиялық ыдыстар және тағы басқа қондырғылар керек. Ғылым онсыз дамымайды. Жаңалығыңды өндіріске енгізгің келіп бизнес серіктес іздесең, маркетинг, бизнес жоспары, заңдық, сертификаттау мәселелерін қоса талап етеді. Оған менің білімім де, уақытым да жетпейді. Шын мәнінде мен химик болғасын химиялық зерттеуге ден қоюым керек. Осындай қиындықтар болады. Тапжылмау керек, әрекеттену керек, сол кезде нәтижеге қол жеткізе аламыз, — деді профессор Нұрбол Аппазов.
Алайда, өнертапқыш Жанат Қадыровтың сөзінше, егер өнертабысты өндіріске енгізуге ниетті жандар болса оған қарсылық жоқ.
Басқа сөзбен айтқанда ол жаңалықтың бизнестегі тиімділігін танып, оны өндіріске енгізуге бейім іскер азаматтардың бастамасы қажет.
Тынбай еңбектенген адамның ұшпаққа шығатынына шығысқазақстандық Айдын Серікқазиннің кейсі дәлел бола алады. Ол қымыз бен саумалдан балмұздақ өндіретін компания құрып, нарыққа өнім шығара бастады.
ForbesKazakhstan жазғандай, жас кәсіпкер жаңа өнімнің құрамын ойлап тауып, өнім дайын болғасын оны пайдалы модельге патенттеген.
— Шикізат пен өнім құрамын анықтаған соң бізге тек балмұздақ шығаратын жабдық қажет болды. Мемлекеттен грант алып, оны осындай жабдық сатып алуға жұмсадық. Шағын цех ашып, балмұздақ өндіріп, оны сатуға шығардық. Айта кететін жайт, мұз күйінде де қымыз бен саумал өзіне тән тағамдық құндылығы мен қасиеттерін жоғалтпайды. Сұйық күйдегі жылқы сүтіне тән барлық дәруменді балмұздақтардың да құрамынан табуға болады, — деді Айдын Серікқазин.
Осылайша 2024 жылы компания «Бизнестің жол картасы-2024» бағдарламасы бойынша мемлекеттен 5 млн теңге көлемінде өтеусіз грант алып, кәсіпті кеңейтті және жаңа өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік алды.
Айналып келгенде өнертабысты өндіріске енгізуге оны кәсіп ретінде көре алатын кез келген ниетті жан болса, мемлекет тарапынан қолдау алуға мүмкіндік бар. Соның бірі — бизнесті қолдау мен дамытудың «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы.
Бірыңғай бағдарламада моноқалаларды, шағын қалаларды және ауылдық елді мекен кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау, экономиканың және өңдеу өнеркәсібінің басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді салалық қолдау, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржылық емес шаралар сияқты бағыттарды қамтиды.
Кәсіп бастауға ниетті адамдар бағдарлама аясында алғашқы инвестиция таба алады. Бұл жерде тек «Ұлттық зияткерлік меншік институты» мен өнертапқыштар тарапынан өз жаңалықтарын көпшілікке таныстыру және оның бизнестегі әлеуетін ашып, кәсіпкерлерге ұсынатын ақпараттық шаралар жетіспейтін сыңайлы.
Өнеркәсіпке енгізуге болатын өнертабыстарды іріктеп, оны өндіріске бейімдеу, инвестиция тарту немесе өнертабыс иелерінің өзін кәсіпке жұмылдыру бағытындағы мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар жөніндегі сауалымызға Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «ҚазИнвест» компаниясынан мардымды жауап ала алмадық.
Материал шешім журналистикасы жанрында SolutionsJournalismLab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.