Елімізде органикалық және экоөнімдер үшін жаңа ереже енгізілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинар барысында мемлекеттік мекемелерге сүт өнімдерін жеткізетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер келісімшарттарды ұзарту мәселесін көтерді.
Оларды келісімшарттардың 2025 жылғы бағалармен жасалғаны алаңдатып отыр. Өйткені, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне байланысты өндірушілер өнімнің құнын көтеруге мәжбүр болады. Сонымен қатар мемлекет бұл процесті бақылай ала ма, мемлекеттік мекемелер жаңа келісімшарттарды қалай жасайды және 2025 жылдан 2026 жылға мемлекеттік сатып алулар қалай өтеді деген сұрақтар да қызықтырды.
Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттің баға саясаты тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне ғана қатысты екенін айтты.
— Бізде сүт өнімдеріне баға белгілеу саясаты жоқ. Тек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне қатысты ғана сауда үстемеақысы саясаты бар, ол әр кезеңде 15 пайыздан аспауы тиіс, — деді Серік Жұманғариин.
Сонымен қатар ол Сауда және интеграция министрлігінің отандық өнімдерді орналастыруға қатысты талаптары бар екенін атап өтті.
— Білуімше бұл заңды норма — сауда желілеріне отандық өндірушілердің өнімдерін орналастыруға қойылатын талап. Арнайы сөрелерде және кемінде 30 пайыз болуы тиіс, — деді ол.
Мұнан бөлек, министр қолданыстағы «Қазақстанда жасалған» саясатын еске салып, жаңа бастамалар әзірленіп жатқанын хабарлады.
— Қазір біз экологиялық — органикалық, органикалық өнімдермен байланысты бірқатар жаңа ереже әзірлеп жатырмыз, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлардан басқа өнімдерге баға шектеулері жоқ. Күріш, өсімдік майы және жұмыртқа бойынша меморандумдар жасалған.
— Өндірушілер әлеуметтік маңызы бар тауарларды қоспағанда өзге өнімдерге қандай баға белгілеуге мәжбүрленбейді. Егер сіздерде келісімшарт жасасуда қандай да бір проблема болса, онда біз көмектесеміз. Сауда министрлігіне, Сауда комитетіне жүгініңіздер. Егер сіздермен келісімшарт жасасудан бас тартса немесе қандай да бір кіріптарлық шарттар ұсынса, онда біз бұл мәселені шешеміз, — деді вице-премьер.
Айта кетелік елде кімдер ҚҚС-тан босатылатыны туралы жазған едік.