Елімізде отын-энергетика кешенінде жұмыс орындары қаншалықты артады

Фото: Энергетика министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек биыл отын-энергетика кешенінде қосымша ашылатын жұмыс орындарына қатысты түсінік берді.

— Қазір отын-энергетика кешенінде 1671 кәсіпорын бар, онда түрлі кәсіп бойынша 303 мыңнан астам жұмыскер жұмыспен қамтылған. Биыл отын-энергетика кешені салаларында 14 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Мұнай-газ химиясында жұмыс істеп тұрған 6 кәсіпорында 2 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр. Осы жылы қосымша 945 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы 156 кәсіпорында шамамен 2 мың адам жұмыспен қамтылған, ал биыл қосымша шамамен 3 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, — деді Құдайберген Арымбек.

Оның айтуынша, мұнай-газ саласындағы 1500 кәсіпорында шамамен 200 мың адам жұмыспен қамтылған, осы жылы 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнына орналасады. Бұдан бөлек, электр энергетикасындағы 220 кәсіпорында шамамен 70 мың адам жұмыспен қамтылған, ал биыл 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

— Инвестициялық жобаларды іске асыру аясында отын-энергетика кешенінде жаңа жұмыс орындарын кезең-кезеңімен құру көзделген. Осылайша, 2029 жылдың соңына дейін 70 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 200-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, субсидияланатын жұмыс орындарын іске асыру тәртібіне өзгеріс енгізіліп жатыр.