Бүгін Мәжілісте кадрлық әлеуетті нығайту тақырыбында өткен Үкімет сағатынан кейін тілшілер министрден Қазақстан бойынша жұмыссыздар тізімінде тұрған адамдардың саны туралы сұрады.
«Біздің органдарда тізімде тұрғандардың саны 321 мың адамды құрады. 8 санатқа енгендер жұмыспен қамтылған деп есептеледі. Яғни жалдамалы жұмыстағылар, жеке кәсіпкерлігі барлар, акционерлік қоғам ашқандар және жеке шаруашылылықта қызмет етіп жүргендер, сондай-ақ тәуелсіз жұмысшы атанғандар жұмыссыз деп саналмайды. Егер өзінің еңбегі үшін ақы алып жүрсе, бұл адамдар жұмыссыз деп есептелмейді», - деді С. Жақыпова.
Оның айтуынша, еліміз бойынша 2,5 млн адам әлеуметтік мәртебесін көрсетпеген.
«184 мың отбасы тұрғылықты үйін тіркемеген, сондай-ақ жұмысын нақты белгілемеген. Дегенмен олардың арасында өмір сүру жағдайы жақсы адамдар баршылық», - деді министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Себебі қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға артық.