Мерекелік ұсыныстардың ең ауқымды кезеңі 21-27 қазан аралығында болады деп жоспарланып отыр. Акциялық бағдарламалар, арнайы баға мен мерекелік жеңілдіктердің басым бөлігі дәл осы күндері өтеді. Тұтынушылар азық түлік және азық түлік емес тауарларды тиімді бағамен сатыпалу мүмкіндігіне ие болады.
Ауқымды сатылымдар еліміздің үш мегаполисі мен басқа да өңірлерінің танымал сауда орталықтарында өтеді. Мәселен, Астанада Republic Day акциясына MEGA Silk Way, «Хан Шатыр», Алматыда MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Forum Almaty, Шымкентте — Mega Planet пен Shymkent Plaza сауда орталықтары қатысады. Ал Bereke Fest аясындағы арнайы ұсыныстар Magnum, SMALL, «Астықжан» және GraMad сауда желілерінің дүкендерінде қолжетімді болады.
Жалпы республикалық науқанның бастамашылары — Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Аталмыш акциялар ұлттық мерекеге орай өткізіліп, халыққа қажетті тауарларды қолжетімді етіп, тұтынушылық сұранысты қолдауға, әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдап, өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылды.
Мерекелік сатылымдарға қандай сауда орталықтары мен дүкендер қатысатынын жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) ресми интернет-ресурстарынан білуге болады.
Republic Day және Bereke Fest акциялары 27 қазанға дейін жалғасады.
Еске салайық, мұның алдында Астанада Республика күні қалай атап өтілетінін жазғанбыз.