Елімізде сатылатын биологиялық белсенді қоспалардың қауіпсіздігіне кім жауап береді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда биологиялық белсенді қоспалар дәрілік заттарға жатпайды, алайда оларды нарыққа шығару үшін мемлекеттік тіркеуден өткізу міндетті. ББҚ-ның қауіпсіздігі қалай тексерілетіні және сатылымға қандай талаппен жіберілетіні туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында түсіндірді.

Фото: freepik

Комитет төрағасының орынбасары Нұрқан Сәдуақасовтың мәліметінше, Қазақстанда ББҚ айналымы Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасымен реттеледі. «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, мұндай өнімдер міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді.

– ББҚ-ны тіркеу кезінде ғылыми ұйымдар дайындаған сараптамалық қорытындылар мен ғылыми есептер негізге алынады. Атап айтқанда, балалар мен ересектерге арналған тағамдық және биологиялық белсенді заттардың тәуліктік тұтыну мөлшеріне сараптама жасалады. Осы құжаттардың негізінде мемлекеттік тіркеуді ЕАЭО елдерінің денсаулық сақтау органдары жүргізеді, - деді спикер.

Оның сөзінше, тіркеуден өткен өнім Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. Онда ББҚ-ның қолдану саласы, оны пайдалану жөніндегі ұсынымдар, қарсы көрсетілімдер, сақтау шарттары мен өндіруші туралы негізгі мәліметтер көрсетіледі. Тізілім ЕАЭО-ның ресми интернет-ресурсында ашық жарияланады.

Сонымен бірге комитет төрағасы орынбасары ББҚ нарыққа шыққаннан кейін де бақылау жалғасатынын атап өтті.

– Мәселен, 2025–2026 жылдары бақылау мақсатында ББҚ-ның 545 сынамасы зерттелді. Соның 105-і немесе 19,3%-ы белгіленген талаптарға сай болмай шықты. Олардың басым бөлігі – 94,6%-ы таңбалауға, тағы 5,4%-ы микробиологиялық көрсеткіштерге қатысты болды, - деді Нұрқан Сәдуақасов.

Анықталған жағдайлар бойынша 105 жедел шара қабылданып, 72 келіден астам талапқа сәйкес келмейтін ББҚ сатылымнан алынып тасталған.

– Сондай-ақ бақылау тек сауда орындарымен шектелмейді. 2024 жылдан бастап министрлік БАҚ-та жарияланатын ББҚ жарнамасына мониторинг жүргізіп, талаптардың сақталуын қашықтан бақылап келеді. Осылайша, 2025–2026 жылдары әлеуметтік желілердегі 8,5 мың жарнама таратушыға мониторинг жасалып, мемлекеттік тіркеуден өтпеген ББҚ сатуға қатысты 2 мың онлайн-платформада жарнама талаптарын бұзғаны анықталды, - деді спикер.

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті осы кезеңде жарнама талаптарын бұзған 23-тен астам аккаунтты жойған.