Елімізде шағын және орта бизнестің шешілмей жүрген проблемалары қандай
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында экономикалық дамудың жаңа үлгісіне көшудің негізгі басымдықтарын белгілеп берді. 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізу ескерілген. Сондықтан бұл ауқымды әрі күрделі міндетті іске асыру үшін шағын және орта бизнес экономиканы дамытудың маңызды драйверлерінің бірі болуы тиіс.
Жақында Сенатта «Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында өткен Үкімет сағатында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
«Қазір депутаттардың қарауындағы құжаттардың қатарында бизнесті жүргізу мәселелері жөніндегі заң жобасы да бар. Бүгінгі іс-шарамыз аталған заң жобасының сапасын арттыруға да оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Елімізде бизнесті дамыту бағытында арнайы ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты және кешенді қолдау көрсетіліп отыр. Шағын және орта бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жарияланғаны да белгілі. Ол осы жылдың соңына дейін қолданыста болады. Әкімшілік жүктемені азайту бағытында да біраз іс-шара жүзеге асырылды. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта жаңа қарқынмен жүргізуіміз қажет», - деді Мәулен Әшімбаев.
Елімізде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіне, яғни 40-50 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта бизнестің өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Әзірге өңдеу секторындағы кәсіпорындар саны тиісті деңгейде өсіп отырған жоқ. Тиімді жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды іріленуге және ауқымын кеңейтуге ынталандыру керек.
Елімізде 2,2 млн ШОБ субъектісі бар
Кейінгі 5 жылда ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесінің тұрақты өсуі байқалып отыр.
«2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысуы үлесі 31,7 пайыздан 36,4 пайызға дейін, яғни 4,7 пайыздық тармаққа өсті. 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8 пайызға өсіп, 4,2 млн адамға жетті», - деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Министрдің айтуынша, биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны – 2,2 млн. Оның 99,9 пайызы – шағын кәсіпкерлік, қалған 0,1 пайызы орта кәсіпкерлік субъектісі.
«Кәсіпкерлік белсенділік деңгейі 89,7 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш жалпы тіркелген кәсіпкерлік субъектілері арасында жұмыс істеп тұрғандарының үлесін білдіреді. Бұл ретте, орта кәсіпкерлік субъектілері арасындағы белсенділік шағын кәсіпкерлікке қарағанда 6,7 пайыздық тармаққа жоғары», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол елде үш жыл бойы шағын және микробизнеске тексеру жасауға мораторий қолданылып келе жатқанын еске салды. Бұдан бөлек, «таза парақтан реттеу» қағидаты сәтті енгізіліп жатыр. 10 мыңнан астам өзекті емес талап анықталды. Оның 9 мыңы заңға тәуелді құжат деңгейінде алынып тасталды, ал қалғандары Парламенттегi заң жобасы аясында жыл соңына дейін жойылады. Сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді белгілеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды.
Шағын және орта бизнесті жедел дамыту факторларының бірі – қолдау шаралары. Биылдың 10 айының қорытындысында субсидиялау құралы бойынша жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен 669 млрд теңге кредит сомасына бизнестің 9 мыңға жуық жобасы және «кепілдік беру» құралы бойынша 270 млрд теңге сомасына 7 мың жоба қамтылды.
«Мемлекеттік қолдаудың қазіргі құрылымы бәсекеге қабілетті шағын және орта компанияларды қолдау жағына қайта бағытталуы тиіс. Басты назарда – бизнестің барлық кезеңде үздіксіз дамуын қамтамасыз ету. Мұндай тәсіл шағын бизнестің едәуір бөлігі орта санатқа және ортадан ірі санатқа көшуін қамтамасыз етеді. Дамудың негізгі екпіні тұрақты өсімді көрсететін орта бизнес сегментіне бағытталатын болады. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» екі бағдарламасын біріктіру есебінен ШОБ-ты қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы дайындалды, шағын бизнесті ірілендіруге және орта бизнестің сапалы өсуіне кешенді ынталандыру әзірленді. Жаңа бағдарламада назарды субсидиялаудан бизнес үшін көбірек кепілдіктер беруге ауыстыру, облигациялық қарыздарды қолдау құралдарын жетілдіру жоспарланып отыруда. Бұдан кейін бизнесті қолдау шаралары мен қарсы міндеттемелердің топтамалық шешімдері енгізілетін болады. Өсу әлеуеті бар шағын және орта бизнес, олардың технологиялылығы, өнімділігі мен экспортқа бағдарлануы басымдыққа ие болады. Қолдаудың жекелеген ынталандыру шаралары орта кәсіпкерлік сегментінің көшбасшыларын қалыптастыру мақсатында орта бизнеске арнайы қарастырылады», - деді министр.
Мұнымен қоса Ә. Қуантыров квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелестік ортаға беру жалғасып жатқанын айтты. 2025 жылға дейінгі жекешелендіру жоспарының орындалуы – 66 пайыз. Биыл 5 пайызға дейін «Kegoc» SPO-сы, 2024 жылы – «Эйр Астана», 2025 жылы – «QazaqGaz», «ҚТЖ», «Самұрық-Энерго» IPO-сы жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізіледі.
Кәсіпкерлік субъектілері ұсақталып жатыр
Кейінгі 5 жылда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 46,5 пайызға өсті. Бұл өсім жеке кәсіпкерлердің бір жарым есеге артуы есебінен болды. Ал орта бизнес субъектілерінің саны небәрі 11,6 пайызға артқан.
«Сонымен бірге, 2022 жылғы мәліметтер бойынша ШОБ субъектілерінің басым бөлігі немесе 35 пайызы сауда саласында жұмыс істеп жатыр. ШОБ субъектілері шығарған өнім көлемі 5 жыл ішінде екі еседен астам өсті. Бұл сала 4 миллионнан астам адамды, яғни әрбір екінші (43,6%) экономикалық белсенді қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Осы өсімнің арқасында биылғы бірінші жартыжылдықта еліміздің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2018 жылмен салыстырғанда 28-ден 36,4 пайызға дейін өсті», - деді сенатор Ләззат Рысбекова.
Сонымен қатар ол бизнестің жүйелі проблемаларына тоқталды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бірқатар бағдарламалық құжаттың біраздан бері жүзеге асырылып келе жатқанына қарамастан, олардың тиімділігіне қатысты әділ сын айтылып жатыр. Ең алдымен, қомақты сомада бюджет қаражатының бағытталу тұрғысында бизнес субъектілерін қолдау шараларымен қамтудың шектеулі болуына байланысты. Оған дәлел – «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметіне қарағанда, 2015-2019 жылдары оның жүзеге асыруға 270 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл ретте, осы кезеңде субсидиялау және кепілдік беру құралдарының артықшылықтарын тек 19,6 мың субъекті пайдаланды, яғни жыл сайын әрбір мың белсенді кәсіпкердің үшеуі ғана қаржылық қолдау шараларымен қамтылған. Әсіресе, қолдау тетіктерін ауылды жерлердегі кәсіпкерлерге алу қиын. Бірінші кезекте, кепіл мүлкіне қойылатын қатаң талаптарға байланысты.
«Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін төмендететін үрдіс кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасына да байқалып отыр. Атап айтқанда, бизнесті гранттық қолдауда бизнес қауымдастықтар да, әкімдіктерде сұрақтар бар. Біріншіден, гранттық қолдау қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалау мәселесі реттелмеген. Қазір мониторинг тек таңдамалы түрде жүріп жатыр және кең ауқымда қамтылмаған. Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша 2022 жылы мақұлданған 264 жобаның 27-сі ғана бақылаумен қамтылған, яғни әрбір оныншы жоба ғана. Осындай жағдай басқа облыстарда да байқалды. Сондықтан гранттық қаржыландырудың барлық жобасына қатысты бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы мен түпкілікті нәтижеге жетуі тұрғысында мониторинг жасау қажет деп есептейміз», - деді депутат.
Қазір банктік несиелеу шарттары әлі де елеулі ауыртпалық түсіріп тұрғанын ескерсек, бизнес-қауымдастық мемлекеттік көмекке сеніп отыр. Банктердің ШОБ-қа несие бөлуі көлемі артып келе жатқанына қарамастан, 2019 жылдан бастап жалпы кредит портфеліндегі мұндай несиелердің үлесі 33 пайыздан 26 пайызға дейін төмендеді.
«Атамекен» ҰКП мәліметінше, қазақстандық банктерде бизнесті несиелеу өтінімдерін мақұлдау коэффициент 40 пайыздан аспайды
Ұлттық банктің ақпаратына қарағанда, былтыр банктер берген бизнес несиелерінің жалпы көлемінде 52 пайызы ірі кәсіпкерлерге, 34 пайызы шағын бизнеске, сондай-ақ 14 пайызы ғана орта бизнеске тиесілі. Бұл ретте, несиелердің ең көп көлемі (51%) сауда саласына бағытталған. Ал өңдеуші секторлар назардан тыс қалып отыр және банк секторынан тиісті қолдауды алмайды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын (ҚҚС) 12%-дан 16%-ға көтеруді ұсынды. Осы ретте сенатор Ләззат Рысбекова шағын және орта бизнес саласында салық саясатын жетілдіру керек екенін айтты.
«Жүйелік проблема шағын және орта бизнес саласында салық саясатының жетілдірілмеуіне байланысты. Қазір дәл осы мәселе бойынша кәсіпкерлер біраз наразылық айтып жатыр. Бірінші кезекте бұл қосылған құн салығына қатысты, яғни оның мөлшерлемесін 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсіру ескерілген. Сондықтан ҚҚС мөлшерлемесін көтеру мәселесі жан-жақты зерделеуді және отандық кәсіпкерлермен талқылауды қажет етеді деп санаймыз. Сонымен қатар Үкімет бизнеске салық ауыртпалығын ұлғайтпайтын балама нұсқаларды қарастыруы керек. Мұнымен қоса, ҚҚС-ты қайтару проблемасы шешуді талап етеді», - деді Л. Рысбекова.
Депутат салық саясатында бизнес пен мемлекет мүдделерінің теңгерімін ескеру керек екенін айтты. Фискалды іс-шаралар шағын бизнесті нығайтуға, яғни ірілендіруге бағытталуы тиіс.
«Өкінішке қарай, қазір көңіл көншітпейтін жағдайды байқап тұрмыз. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілерінің ұсақталып жатқанын көріп жатырмыз. Осыдан шағын кәсіпорындар саны айтарлықтай өсіп келеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл үрдіске әсер ететін себептердің 80 пайызы қазіргі салық жүйесіне байланысты. Ал 20 пайызы шағын кәсіпкерлікке көбірек бағытталған мемлекеттік қолдау қадамдарына қатысты», - деді сенатор.
Бұдан бөлек, қазір бизнес үшін үлкен кедергілер теміржол көлігімен тасымалдау саласында байқалып отыр. Бұл, ең алдымен, инфрақұрылымның тозуы, сондай-ақ жүк вагондарымен қамтамасыз етуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуымен байланысты.
«Сонымен қатар, ҚТЖ саясатына қатысты біраз сұрақ бар және осы жайында Парламент депутаттары әлденеше рет айтқан еді. Бизнестің уәжіне тоқталсақ, жүк тасымалдауда тепе-теңдік қағидаты сақталмай отыр. Ұлттық тасымалдаушы көбіне транзиттік тасымалдауға екпін қойған, өйткені бұл бағыттағы тариф 2,5 есе жоғары. Мұндай басымдық басқа салаларға – экспортқа, импортқа, ішкі салаларға зиянын тигізеді және соның салдарынан жүктің тоқтап қалуына, жеткізу мерзімінің кешігуіне әрі қаржылық шығындарға әкеледі. Сондықтан қалыптасқан жағдайды Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында шешуге болады. Президент «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет екенін тапсырған болатын», - деді сенатор.
Тағы бір маңызды мәселе – отандық тауар өндірушілер үшін әкімшілік кедергілердің болуы. Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, сауда желілері мен базарлар сөрелерінің кемінде 30 пайызы отандық азық-түлік тауарларына бөлінуі тиіс. Алайда, іс жүзінде бұл талап тек еліміздегі ірі өндірушілер мен көршілес елдердің үлестес компанияларының тауарларын көрсету арқылы орындалатыны белгілі болды.
«Ал шағын кәсіпкерлердің тауарларын көрсетуге келісім жасалған жағдайда, оларға қалтасы көтермейтін соманы төлеуге тура келеді. Қалыптасқан жағдай қазақстандық тауар өндірушілердің дамуын тежеп қана қоймай, импорттық тауарлардың үстемдігінің артуына алып келеді. Сондықтан қолданыстағы қағидалардың сақталуына бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ өңірлердің ұсыныстарын ескере отырып, ішкі сауда субъектілерін отандық тауарлармен толтыру үшін белгіленген шекті мәнді 50 пайызға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет деп санаймыз», - деді Ләззат Рысбекова.