Елімізде шикізаттық емес тауарлар экспорты жеті жылда екі есе өсті

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстанның барлық әлем елдерімен шикізаттық емес тауарлар бойынша тауар айналымы 2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша $43,9 млрд-қа жетті.

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 7,6% немесе $3,1 млрд-қа өсті. Бұл ретте экспорт айтарлықтай жоғары қарқын көрсетті. 2026 жылдың алғашқы алты айында қазақстандық кәсіпорындар сыртқы нарықтарға $15,2 млрд сомасына өңделген тауар жөнелтті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 17,6% көп.

2026 жылдың алғашқы алты айы Қазақстанның шикізаттық емес және өңделген тауарлар сыртқы саудасының өсуі жалғасқан кезекті кезең болды. Импорттың қалыпты өсуі аясында оң динамиканың негізгі көзі экспорт болды. Бір жыл ішінде экспорттық жеткізілімдер $2,3 млрд-қа өсіп, $12,9 млрд-тан $15,2 млрд-қа жетті, ал импорт 3%-ға, $27,9 млрд-тан $28,7 млрд-қа дейін өсті.

Осылайша, 2026 жылдың қаңтар–маусымда шикізаттық емес және өңделген тауарлар экспорты импортқа қарағанда алты есеге жуық жылдам өсті. Сонымен қатар сауда балансының теріс сальдосы $14,9 млрд-тан $13,5 млрд-қа дейін қысқарып, $1,4 млрд-қа жақсарды.

Әсіресе, соңғы 7 жылдағы динамика айқын көрінеді. 2019 жылдың қаңтар–маусымда шикізаттық емес және өңделген тауарлардың тауар айналымы $23,6 млрд, ал экспорт $7,72 млрд болды. 2026 жылдың қаңтар–маусымда бұл көрсеткіштер тиісінше $43,9 млрд және $15,2 млрд-қа жетті. Осылайша, 7 жыл ішінде тауар айналымы 1,9 есеге жуық, ал экспорт іс жүзінде екі есеге өсіп, шамамен 97%-ға артты. Бұл ретте $15,2 млрд көлеміндегі қазіргі экспорт көлемі осы жылдар ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.

Жеткізілімдердің өсуі қазақстандық өнімнің бірден бірнеше ірі әрі перспективалы нарықтарға шығуының себібенен болды. Ең елеулі өсім Түркия бойынша тіркелді: 2026 жылдың қаңтар–маусымда бұл елге экспорт екі есеге өсіп, $950 млн-нан $1,91 млрд-қа жетті. Осылайша, тек түрік бағыты бойынша Қазақстан қосымша шамамен $960 млн экспорттық түсім алды.

Ұлыбритания бойынша одан да айқын динамика байқалды. Мәселен, экспорт 2,7 есе өсіп, $248,9 млн-нан $671,8 млн-ға жетті. Қытайға жеткізілімдер 12,1%-ға өсіп, $3,67 млрд болды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен $400 млн қосымша экспортты қамтамасыз етті.

Өзбекстан, Франция, Ауғанстан және Гонконг нарықтарында да айтарлықтай өсім байқалды. Өзбекстанға экспорт 23,5%-ға өсіп, $1,39 млрд-қа, Францияға 2,4 есеге өсіп, $385,4 млн-ға, Ауғанстанға 2,1 есеге өсіп, $344,9 млн-ға, ал Гонконгқа 2,9 есе өсіп, $220 млн-ға жетті.

Әсіресе маңыздысы, тек Түркия, Ұлыбритания және Қытай өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда шамамен $1,8 млрд қосымша экспортты қамтамасыз етті. Бұл жеткізілімдердің физикалық көлемінің өскенін ғана емес, қазақстандық компаниялардың ірі халықаралық нарықтардағы мүмкіндіктерінің кеңейгенін де көрсетеді.

Бүгінде экспорттық себеттің негізіне мыс және мыс катодтары $2,84 млрд, уран $1,51 млрд, ферроқорытпалар $1,1 млрд, күміс $781,3 млн, күнбағыс майы $533 млн, жануарларға арналған азық өнімдері $438 млн сияқты тауарлар жатады.

Өсу қарқынының арақатынасы да маңызды нәтиже болып отыр. Экспорт 17,6% артқан кезде, шикізаттық емес және өңделген тауарлар импорты небәрі 3% өсті. Нәтижесінде экспорт пен импорт арасындағы айырмашылық біртіндеп қысқарып, сауда балансы бір жыл ішінде $1,4 млрд-қа жақсарды.