Елімізде соғым бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар соғым қамына кірісті. Жылқы, сиыр және өгіз етін жіліктеп, аяқтап және бүтіндей сатып алуға болады. Қазір еліміздің өңірлерінде ет, соғым бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Соғым бағасы малды қайда баққанына, жасына және қалай сатып алатынына қарай өзгереді. Кейбір қалада баға жүздеген мың теңге болса, кейбір өңірде миллион теңгеге дейін жетті. Келілеп сатып алса, баға мүлде басқа болады. Kazinform тілшісі 20 қаладағы соғым бағасын біліп, салыстырды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Соғым бағасы қайда жоғары, қай қалада төмен

Қазақстан қалаларындағы базар бағасын салыстыра келе, соғым бағасы миллион теңгеге дейін жеткенін білдік. Алматы, Шымкент, Павлодар, Көкшетау мен Өскеменде осындай баға кезікті. Астана қаласында баға 230 000 теңгеден басталып, 800 000 теңгеге дейін жетті. Талдықорғанда 400 000 — 850 000 теңге аралығында.

Қарағанды мен Жезқазған қалаларында соғым бағасы 350 000 теңгеден басталып, 750 000 теңгеге дейін барады. Ал Қостанайда баға 500 000 — 850 000 теңге аралығында. Тараз қаласында 500 000 теңгеден басталып, 850 000 теңгеге жетті. Түркістан қаласында соғым бағсы 500 000 — 700 000 теңге аралығында.

Атырау қаласында соғымға жылқы сойса, 500 000 — 600 000 теңге болады. Семей қаласында соғымға жас мал сойса, 270 000 — 300 000 теңгеге есептеледі. Ал екі жасар қашар бағасы — 350 000 — 400 000 теңге. Жабағы 370 000 теңге болса, байтал мен бие бағасы 500 000 теңгеден басталады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Орал қаласында жабағының бағасы 225 000 теңге, ал бие бағасы 450 000 теңге және одан жоғары. Ақтөбе қаласында жабағы бағасы 250 000 — 300 000 теңге, бие 500 000 — 600 000 теңге. Сиыр бағасы 500 000 — 800 000 теңге, өгіз құны 600 000 — 700 000 теңге аралығында.

Шымкент қаласында бие бағасы 500 000 теңгеден басталып миллионға жетеді. Сиыр бағасы да 420 000 теңге және миллионға дейін көтеріледі. Өгізді 600 000 — 700 000 теңгеге сатып алуға болады. Ақтау қаласында сиыр бағасы 350 000 теңгеден басталса, жылқыны 750 000 теңгеге бағалайды.

Қонаев қаласындағы хабарландыруларға сүйенсек, соғымды 550 000 — 800 000 теңгеге сатып алуға болады. Қызылордада мүйізді ірі қара бағасы 350 000 –850 000 теңге аралығында.

Сиыр мен жылқы бағасы жасына қарай өзгеріп отырады. Жас мал бағасы әдетте төмен болады. Жабағы бағасы арзан. Кейде оны жіліктеп, аяқтап сатып алуға мүмкіндік бар. Адамдар саудасалып та тиімді ұсынысты табады. Демек қалалар арасындағы рейтинг нақты емес.

Инфографика: Kazinform

Жылқы мен сиыр етінің бағасы қанша

Соғымды бүтіндей де, екі бөліп те сатып алуға болады. Адамдар қалтасына қарай аяқтап, жітіктеп те алады. Мұндайда баға еттің келісіне тікелей байланысты.

Түркістан қаласында жылқы етінің келісі 2 800 — 3000 теңге, сиыр еті 3 000 — 3 200 теңге, ал өгіз еті — 4 000–4 200 теңге аралығында. Жылқы етінің бір жілігі шамамен 23-27 келі болса, бағасы 70-75 мың теңгеге шығады. Ал сиыр еті 75-80 мың теңге болады.

Ақтау қаласында жылқы етінің келісі 2 700 — 3 200 теңге, сиыр етінің келісі 3 800 — 4 000 теңге. Атырау қаласында жабағы етінің келісі 2 900 — 3 200 теңге болса, сиыр етінің бағасы шамамен 4 000 теңге.

Петропавл қаласында сиыр етінің келісі — 3 800 — 4000 теңге. Орал қаласында сиыр етінің келісі шамамен 3 000 теңге болып тұр. Тараз қаласында жылқы етінің бағасы 3 100 теңге, сиыр еті 3 700 — 3 800 теңге.

Семей қаласында жабағы етінің келісін 3 200 теңгеге есептеп береді. Салмағы 125-155 теңге болатын баспақ етінің келісі 3 400 теңге.

Астана қаласында сиыр етінің келісі 3 950 теңгеден басталады. Жабағы етінің келісі 3 450 теңге болса, бие етінің қазысы майлы болса келісі 4 000 теңгеден басталады.

Тірідей алған тиімді ме әлде келілеп алса ұта ма?

Соғым таңдаған кезде оның қосымша шығынын да есептеген дұрыс. Егер тірідей сатып алса, оны сою және ішек-қарнын тазарту керек. Жеткізу де қосымша қаржыны талап етеді. Мал таңдай білетін адам соғымды тірідей алса қанша ет шығатынын, семіз немесе арық екенін бірден біледі.

Егер аяқтап немесе жіліктеп сатып алса, еттің салмағы қанша болатынын бірден білуге болады. Соғым еті қысқа жете ме деген сұрақтың да жауабы табылады. Бір отбасы сиыр немесе жылқыны бүтіндей сатып алса, өзі жіліктеп, сақтайды. Сондықтан тірідей және келілеп сатып алудың тиімділігі екі басқа.

Фото: Kazinform/ЖИ

Сонымен бірге соғым етін қалай сататынына да мән беру керек. Бірі басын, сирағын және ішек-қарны мен өкпе-бауырын да өлшейді. Ал кейбір сатушылар тек таза етті есептейді. Сондықтан сатып алар кезде соғым етін жеткізу қызметіне не кіретінін сұрап алған дұрыс.

Соғым бағасы нені көрсетті?

Қазақстанда соғым бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Кейбір өңірде жас малды 225 000 — 350 000 теңгеге сатып алуға болады. Ал сиыр мен бие етінің бағасы 500 000 — 800 000 теңге және одан жоғары. Баға малдың жасы, қайда жайылғаны, қоңдылығы мен қандай жілік екеніне қарай өзгереді.

Kazinform бұған дейін еліміздегі шұжық бағасын салыстырған еді.