Жаңа ережелерге сәйкес, анықтаманы алу және оған апостиль қою қызметтерін бір уақытта рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, құжаттарды тапсыру, қателерді түзету және мемлекеттік қызмет нәтижесін алу тәртібі нақтыланды.
Тиісті өзгерістер Бас прокурордың 2026 жылғы 2 қарашадағы бұйрығымен енгізілді.
Өзгерістерге сай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы өтініш берген кезде өтініш берушінің жеке куәлігі туралы мәліметтер «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік цифрлық жүйелерден алынады. Егер жүйелерде қажетті мәліметтер болмаса, қызметкер құжаттардың цифрлық көшірмелерін жасап, түпнұсқаларын өтініш берушіге қайтарады.
Мемлекеттік корпорация қабылданған құжаттарды сол күні қызмет көрсетуші органға жіберуге міндетті. Бұл ретте, өтініш берушіге құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі. Құжаттарды тапсырған күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Құжаттардан қате анықталған жағдайда не өзгереді
Егер өтініште немесе оған қоса берілген құжаттарда қателер, дәлсіздіктер, белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталса немесе қажетті құжаттар толық болмаса, өтініш цифрлық күту парағы арқылы қабылданады.
Өтініш берушіге анықталған кемшіліктерді түзетіп, құжаттарды қайта тапсыру үшін бес жұмыс күні беріледі. Бұл кезең мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне қосылмайды.
Егер өтініш беруші белгіленген мерзімде барлық ескертулерді түзетсе, өтініш қабылданған күн ретінде бастапқы жүгінген күні есептеледі. Қызмет көрсету мерзімінің есебі анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайта жалғасады.
Егер өтініш беруші бес жұмыс күні ішінде қателерді түзетпесе, өтініш пен құжаттарды қабылдаудан бас тартылады. Мұндай жағдайда Мемлекеттік корпорация қызметкері бас тарту туралы тиісті қолхат береді.
Құжаттар Мемлекеттік корпорация арқылы тапсырылған кезде оның қызметкерінің ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық өтініш өтініш берілген күні «электрондық үкімет» шлюзі арқылы «Талдау орталығы» цифрлық жүйесіне жіберіледі.
Қызметті портал арқылы рәсімдеген жағдайда өтініш беруші жеке кабинеті арқылы өтініштің қаралу мәртебесін бақылай алады. Сондай-ақ дайын анықтаманы алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама да жеке кабинетке жіберіледі.
Бұдан бөлек, анықтамадағы жеке деректер, атап айтқанда тегі, аты, әкесінің аты, туған күні мен жері «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорындағы мәліметтерге сәйкес көрсетіледі.
Соттылық туралы анықтаманы апостильмен бірге алуға болады
Тағы бір маңызды өзгеріс – соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтаманы апостильмен бірге рәсімдеу мүмкіндігі.
Өтініш берушінің қалауы бойынша, екі мемлекеттік қызметті бір рәсім аясында алуға болады. Ол үшін апостиль қойылған анықтаманы алу туралы өтініш электрондық үкімет порталы немесе Мемлекеттік корпорация арқылы беріледі.
Құжатқа апостиль қою үшін мемлекеттік баж төленеді. Оны «электрондық үкімет» шлюзі немесе екінші деңгейлі банктер арқылы төлеуге болады.
Қызметті портал арқылы рәсімдеген кезде өтініш беруші құжат ұсынылатын шет мемлекетті, сондай-ақ қағаз түріндегі дайын анықтаманы алғысы келетін Мемлекеттік корпорация филиалын таңдауы қажет.
Екі мемлекеттік қызметті көрсетудің жалпы мерзімі 10 жұмыс күні:
· 5 жұмыс күні – соттылығының бар немесе жоқ екендігі туралы анықтаманы дайындауға;
· 5 жұмыс күні – анықтамаға апостиль қоюға арналады.
Қызмет нәтижесінде өтініш берушіге апостиль мөртабаны қойылған қағаз түріндегі анықтама немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы жауап беріледі.
Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш берген кезде апостиль қойылған анықтаманы алу туралы өтінішпен бірге апостиль үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын түбіртек те ұсынылуы қажет.
Өзгерістер тағы қандай мемлекеттік қызметтерге қатысты
Осындай түзетулер мемлекеттік қызмет көрсетуді реттейтін тағы үш құжатқа енгізілді. Олар:
· прокуратура, тергеу және анықтау органдарының ресми құжаттарына апостиль қою;
· Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің және оның аумақтық органдарының архивтерінен архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмелерін беру;
· адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәліметтер беру.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 17 қарашадан бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін әскерге жарамдылық туралы анықтаманы eGov-тан алуға болатынын жазғанбыз.