Елімізде спорт мамандарын даярлау ісі жаңа деңгейге көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Қазақ ұлттық спорт университеті (ҚҰСУ) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Фото: Астана әкімдігі

ҰОК баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, құжатқа қол қою рәсімі университеттің ресми ашылуы аясында өтті. Меморандумға Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен ҚҰСУ ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қол қойды.

Меморандум дене шынықтыру және спорт саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға, бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ, олимпиадалық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Тараптар дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыру аясында өзара ынтымақтастықты дамытуға, жоғары жетістіктер спорты мен бұқаралық спорттың өркендеуіне қолдау көрсетуге, сондай-ақ, спорт саласына білікті мамандар даярлау жүйесін нығайтуға ниетті.

Фото: ҰОК

Ынтымақтастық аясында спорт ғылымы, спорт менеджменті және білім беру бағдарламаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Келісімге сәйкес, университет кампусында жаттықтырушыларға, спортшыларға, сала мамандарына және спорт ұйымдарының басшыларына арналған бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар, симпозиумдар, семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев университет ұжымын жаңа оқу орнының ашылуымен құттықтап, оның еліміздің спорт саласын дамытудағы маңызын атап өтті.

— Бүгін біз еліміздегі спорт саласы үшін тарихи маңызы бар оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңа университет отандық спортты дамытуға және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға үлес қосатын жоғары білікті жаттықтырушылар мен спорт менеджерлерін даярлайтын заманауи білім ордасына айналады. Спорттағы табыс сапалы білімге, ғылыми негізделген тәсілдерге және заманауи технологияларды тиімді қолдануға тікелей байланысты. Қазақ ұлттық спорт университеті спорт ғылымын дамытуға, олимпиадалық қозғалысты нығайтуға және жаңа буын жеңімпаздарын тәрбиелеуге елеулі үлес қосады деп сенемін, — деді Әлімжан Ақаев.

Осыған дейін Қазақстан ҰОК Eco Athlete жобасы аясында үшінші экологиялық акциясын өткізгенін жазғанбыз.