Елімізде «Спортшылар кеңесі» құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Кеңес құрамына Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, қазіргі спортшылар, сондай-ақ ел спортының дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер енді.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Олардың мол тәжірибесі мен кәсіби білімі спорт саласындағы өзекті мәселелерді шешуге және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге жұмылдырылады.

«Спортшылар кеңесі» отандық спортты дамытуға қатысты өзекті мәселелер бойынша спортшылар, мемлекеттік органдар, спорт федерациялары және сарапшылар қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін тиімді диалог алаңына айналады.

Туризм және спорт министрлігі мәліметінше, кеңестің қызметі спортшылардың мүддесін қорғауға, саланы дамытуға қатысты ұсыныстар әзірлеуге және мемлекеттік бастамаларды іске асыруға бағытталады. 

«Спортшылар кеңесінің» құрылуы спортшылардың саланы дамытуға қатысты шешімдер қабылдау үдерісіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама спорт қауымдастығы, мемлекеттік органдар және қоғам арасындағы тиімді диалогты нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) Атқарушы комитеті Франция Альпілерінде өтетін 2030 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының спорт түрлері мен жарыс бағдарламасын бекітті.