Студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы 82 мыңнан 5,2 мыңға дейін азайды

АСТАНА. KAZINFORM- Соңғы жеті жылда Қазақстанда 66 104 орынға арналған 267 студенттік жатақхана ашылды. Нәтижесінде студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығы 82 мыңнан 5,2 мыңға дейін азайды.

Фото: ҚР ҒЖБМ

Бірнеше жыл бұрын жатақханада орынның жетіспеушілігі студенттік инфрақұрылымның ең өзекті проблемаларының бірі болды. Жеті жыл ішінде 66 мыңнан астам жаңа орын құрылып, тапшылық 76 мыңнан астам орынға қысқарды.

-Студент үшін жатақханадан орынның болуы білімнің қолжетімділігімен тікелей байланысты. Білім грантын алудың өзі, егер отбасы басқа қалада тұруға айтарлықтай шығын жұмсауға мәжбүр болса, мәселені толық шешпейді. Сондықтан жаңа жатақханалардың құрылысын жүргізу және оларды пайдалануға беру мәселесін білім саясатынан бөлек қарастыруға болмайды. Керісінше, оны жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етудің бір бөлігі ретінде қарастыру қажет,-делінген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұл көрсеткіштер жеке нысандарды салу бойынша бір реттік науқанды емес, жеті жылдық кезеңді қамтиды және студенттік тұрғын үй қорының жүйелі түрде өскенін көрсетеді.

Жоғары білім беру жүйесінде жатақханаларды дамыту бірнеше бағытқа әсер етеді. Атап айтқанда, өңірлерден келген жастардың білім алу мүмкіндіктері артады, отбасылардың қаржылық жүктемесі азаяды, ал университеттер толыққанды студенттік орта мен кампус инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар қол жеткізілген нәтиже мәселенің толық шешілгенін білдірмейді. Жатақханалардағы орын тапшылығы әлі де 5,2 мың орынды құрайды. Сондықтан алдағы жұмыс орынға қажеттілік жоғары болып отырған қалалар мен университеттердегі проблемаларды нақты шешуге бағытталуы тиіс.

Осыған дейін студенттердің жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы жаздық.