Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ былтыр қабылданған Су кодексіне сәйкес бассейндік жоспарларды әзірлеудің екінші кезеңіне кірісті.
Жоспарлар әр бассейннің су шаруашылығы балансын, су ресурстарының жай-күйі мен пайдаланылуын бағалауды қамтиды. Сондай-ақ су шаруашылығы және гидротехникалық нысандарды жаңғырту, баламалы су көздерін пайдалану, өзен-көлдерді қалпына келтіру және су пайдаланудың экономикалық тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қарастырылады.
Бұдан бөлек, құжаттарда құрғақшылық пен судың зиянды әсерінен туындайтын қауіптердің алдын алу жолдары да қамтылады.
Жоспарды әзірлеудің алғашқы кезеңінде су нысандары, жерүсті және жерасты сулары, су сапасы, климаттық жағдай, су пайдалану көлемі, инфрақұрылымның жай-күйі және экологиялық ахуал туралы деректер жиналып, талданған. Сонымен бірге өңірлердің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері зерттелген.
Екінші кезеңде осы деректер мен су шаруашылығы балансының есептері негізінде негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлер анықталып, олардың маңыздылығы бағаланады. Сонымен қатар алдағы кезеңдегі сумен қамтамасыз етілу деңгейіне болжам жасалып, су тапшылығы мен басқа да қауіптердің тәуекелі сараланады.
Кейін бассейндік жоспарлардың мақсаттары мен міндеттері, нысаналы көрсеткіштері айқындалады. Су шаруашылығы және су қорғау шараларының бірнеше нұсқасы әзірленіп, олардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық әсері бағаланады. Соның негізінде нақты іс-шаралар бағдарламасы жасалып, оны іске асыру кезеңдері белгіленеді.
Жоспарлау кезінде әр су шаруашылығы бассейнінің 15 жылдық даму перспективасы ескеріледі.
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бассейндік жоспарлар Қазақстандағы су ресурстарын басқарудың жаңартылған жүйесінің негізіне айналады.
— Бассейндік жоспарлар еліміздің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша жеке әзірленеді. Бұл аумақтардың ерекшеліктерін, су ресурстарының көлемін, инфрақұрылымның жай-күйін, халық пен экономиканың қажеттіліктерін және экологиялық ахуалды ескеруге мүмкіндік береді. Осы құжаттардың негізінде су ресурстарын кешенді басқарудың Бас жоспары әзірленіп, су қауіпсіздігінің жалпыұлттық моделі қалыптасады. Бұл құжат мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементіне айналады, — деді ол.
Еске салайық, мұның алдында елімізде су үнемдеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы жазғанбыз.