Атап айтқанда, былтыр су саласының негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 22%-ға жоғары. Соңғы екі жылда салаға тартылған инвестиция көлемі 676,7 млрд теңгені құрады.
Айта кету керек, бұл көрсеткіш 2021-2023 жылдары тартылған инвестиция көлемінен едәуір жоғары. Осы кезеңде су саласына 569 млрд теңге инвестиция тартылған болатын.
Соңғы екі жылда шамамен 1500 шақырым канал бетондалды. Сонымен қатар каналдарды механикалық тазарту жұмыстары жанданды. Соңғы екі жылда тазартылған каналдардың жалпы ұзындығы 3158 шақырымға жетті. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы 678 шақырым канал тазартылған.
Суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын енгізудің арқасында былтыр 874 млн текше метр су үнемделді. Бұл жоспарланған 728 млн текше метр көрсеткіштен 20%-ға артық.
Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны да айтарлықтай өсті. 2024 жылға дейін мұндай жүйелер жылына орта есеппен 30 мың гектар жерге енгізіліп келсе, 2024 және 2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға дейін жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 543,5 мың гектарды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін немесе республикадағы суармалы жерлердің жалпы көлемінің 70%-ына жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ирригациялық инфрақұрылымды цифрландыру моделі толықтай қайта қаралды. Су есебін жүргізумен қатар гидротораптардың қақпаларын автоматтандырылған түрде басқару және суды бөлуді қамтитын кешенді цифрландыру моделіне көшу туралы шешім қабылданды.
Министрлік Қазақстанның оңтүстігіндегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясындағы жұмыстарды жеделдетуге де қол жеткізді. Қазіргі уақытта жоба 93%-ға орындалған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп күтіліп отыр.
- Күрделі климаттық жағдайлар туындатқан қиындықтарға қарамастан, министрлік қабылдаған осы және өзге де шаралардың нәтижесінде былтыр 1,2 млн гектар жерді суаруға 11,1 млрд текше метр су жеткізілді. Соның арқасында 2025 жылғы суару маусымы өнім шығынынсыз аяқталды. Барлық су шаруашылығы бассейндерінде су беру тұрақты түрде және шаруалардың қажеттіліктеріне сәйкес жүргізілді, - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, барлық кәсіпорын су үнемдеудің бес жылдық жоспарын әзірлеуге міндеттеледі.