Елімізде суару каналдары жаңа технологиямен бетондалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Назарбаев Университеті каналдарды бетондаудың инновациялық технологияларын енгізу саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Назарбаев Университетінің вице-президенті Гүлмира Қанаймен кездесті.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Тараптар су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуде ирригация каналдарына бетон төсеудің инновациялық технологияларын енгізуге бағытталған екі бірлескен ғылыми-зерттеу жобасын іске асырудың мүмкіндіктері қарастырылды.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Министрліктің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы екі жобаға да серіктес ретінде қатысып, мемлекеттік үйлестіруге қатысты функцияларды қамтамасыз етеді.

Нұржан Нұржігітов екі жобаны іске асыру мерзімдерін, сондай-ақ қаржылық және ұйымдастырушылық ресурстарды оңтайландыру мақсатында оларды бірыңғай кешенді жобаға біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар жобаға Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын тарту, ұсынылып отырған технологиялардың технологиялық және экономикалық артықшылықтарын бағалау үшін «Қазсушар» РМК нысандарында еліміздің барлық өңірі бойынша зертхана және дала зерттеулерін жүргізу, сондай-ақ бұл технологияларды тек суару каналдарына ғана емес, басқа да су шаруашылығы нысандарында қолдану мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

— Министрлік гидротехникалық нысандардың сенімділігін арттыру және су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында суару каналдарына бетон төсеудің инновациялық технологияларын бейімдеу және енгізу мәселелерін зерделеу жұмыстарын жалғастырып келеді. Біз жетекші зерттеу жоғары оқу орны — Назарбаев Университетімен әріптестігімізді жоғары бағалаймыз және оның ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа ұласатынына сенім білдіреміз, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Осыған дейін екі жылда елімізде 112,7 шақырым канал бетондалғанын жазған едік.