Елімізде суды тасып ішіп отырған қанша ауыл бар

Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтен ауызсуды тасып ішіп отырған ауыл тұрғындарының жағдайын сұраған едік.

— Қазір еліміздегі 6148 ауылдың ішінде 5679 елді мекен сумен жабдықталды. Оның ішінде 4420 ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған, сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 999 кешенді модуль қойылды. Сондай-ақ 260 ауылда құдық және су ұңғымалары орнатылған, — деп жауап берді Қуандық Қажкенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде республикалық меншікте жалпы саны 32 топтық су құбыры бар. Олар 1 миллион 393 мың халқы бар 581 елді мекенді ауызсумен қамтып отыр.

Сонымен қатар, қазір аталған ведомство су инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 10 өңірде топтық су құбыры нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 31 жобаны іске асырып жатыр. Олардың қатарында Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы бар.

Айта кетсек, биыл 53 елді мекенге орталықтандырылған ауызсу жүйесі алғаш рет қосылады

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр