Елімізде суды заңсыз пайдаланғандар енді қалай анықталады

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында саланы автоматтандыру және цифрландыру жөнінде мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

— Қазіргі уақытта автоматтандырылған есепке алу жабдықтары 45 суару каналында, 8 су қоймасында, 13 гидроторапта және 150 тік дренаж ұңғымасында орнатылып, пайдаланылып жатыр, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар бұл құрылғылар жекелеген объектілерде де болуы мүмкін.

Ал 2026 жылдың соңына дейін 178 суару каналы мен 558 тік дренаж ұңғымасын автоматтандыру жоспарланған. Одан кейінде де бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды.

— Гидробекеттер мен су алу құрылыстарын автоматтандырылған өлшеу және қашықтан деректер беру құралдарымен кезең-кезеңімен жарақтандыру жалғасады, — делінген ресми жауапта.

Бұған қоса, министрлік Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесін дамыту барысы туралы да мағлұмат берді. Бұл платформа еліміздегі су қорын, су шаруашылығы объектілерін және су пайдалану туралы деректерді бірыңғай цифрлық алаңда біріктірмек. Бұл жүйенің арқасында «Қазсушар» РМК және бассейндік инспекциялар ақпарат алмасады және өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алған судың нақты көлемін онлайн режимде көруге мүмкіндік беретін бірыңғай жаппай есепке алу жүйесі дайындалып жатыр.

— Нақты су көлемдерін есепке алуды одан әрі автоматтандыру үшін техникалық есепке алу модулі әзірленіп жатыр. Ол су шаруашылығы желісінің тиісті учаскелерінде, оның ішінде су бұру нүктелерінде нақты берілген су көлемдері туралы деректерді алу, беру және өңдеуді көздейді, — деп мәлімдеді министрлік.

Айта кетейік, бұған дейін су үнемдеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын жазғанбыз.