Елімізде судьяларды іріктеу жүйесі түбегейлі өзгерді

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Енді елімізде судьялар жаңа тәртіппен іріктеледі. Толығырақ Жоғарғы сот кеңесінің мүшесі Салтанат Жүнісбекова айтып берді. 

Не өзгерді?

— емтихан (тест, эссе, кейстік тапсырмалар) жылына 12 рет тапсырылады, бұл бұрынғыдан үш есе жиі;

— психологиялық тестілеу жылына 3 рет емес, 10 рет өткізіледі;

— квалификациялық комиссияның үміткерлермен әңгімелесу отырыстары айына 4 рет өтеді, ал бұрын әр екі айда 1 рет болатын;

— Осылайша, емтихан тапсыру үдерісі 1,5 жылдан 3 айға қысқарды.

Алайда, болашақ судьяларға қойылатын талаптар да күшейтілді.

— Құқық қорғау және арнайы органдардың дерекқоры бойынша қосымша тексеру енгізілді. Бұл үміткердің қылмыстық жолмен алынған кірісінің бар-жоғын, радикалды топтарға қатысының бар-жоғы, есірткі сату, тұтынуға қатысының бар-жоғы, заңсыз құмар ойындарға, цифрлық активтердің көлеңкелі айналымына және басқа да қауіптерге қатысының бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді, — деді Салтанат Жүнісбекова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бұрын үміткерлердің шамамен 50%-ы емтиханды сәтті тапсырса, қазір бұл көрсеткіш 20%-ға дейін азайды.

— Бұл іріктеу деңгейінің төмендегенін емес, сапаның артқанын білдіреді. Тек моральдық және кәсіби тұрғыдан шындалған мамандар ғана өте алады, — дейді ол.

Салыстырмалы түрде айтсақ, биыл 6 айда квалификациялық комиссия 18 отырыс өтіп, нәтижесінде 125 адам барлық кезеңнен өтті. Ал өткен жылы 73 үміткер ғана емтиханды сәтті тапсырған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Қазақстанда кассациялық соттар жұмысын бастады