Ведомство мәліметінше, тамыз айында Астана қаласы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау және Алматы облыстарында туристерді тартуға бағытталған бес ірі іс-шара ұйымдастырылады.
– Олардың қатарында 1 тамызда Қостанай облысында өтетін «Qostanai Dala Fest» агрофестивалі, 6–9 тамыз аралығында елордадағы «Comic Con Astana» гик-фестивалі, 15 тамызда Маңғыстау облысындағы «Aq maya Fest» шұбат фестивалі, 15–16 тамыз күндері Атырау облысындағы «ЛОТОС» экологиялық фестивалі және 16 тамызда Алматы облысында өтетін «Байсерке аспаны» авиашоуы бар, - деді спикер.
Сонымен қатар ол халықаралық аудиторияның қызығушылығын тудыратын ерекше бастамаларға да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
– Соның бірі – Drive Forum GREAT ORDA фестивалі. Mad Max постапокалипсис әлемі стилінде өтетін іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден 1,5 мыңнан астам саяхатшы мен белсенді демалыс әуесқойы келеді деп жоспарланып отыр, - деді спикер.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында алғаш рет «Алакөл алаулары – 2026» мәдени-туристік фестивалі өткен еді.