Елімізде техникалық байқаудан өткізу қағидалары өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Фото: ҚазАвтоЖол

Негізгі өзгерістердің бірі міндетті техникалық байқаудың бірыңғай цифрлық жүйесінің жұмысына қатысты. Техникалық байқау орталықтары диагностика нәтижелері туралы толық әрі шынайы ақпаратты осы жүйеге енгізуі тиіс.

Нөмірлік агрегаттардың сәйкессіздігі, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы немесе көлік құралы конструкциясына заңсыз өзгерістер енгізілгені анықталған жағдайда оператор бұл туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлауы керек.

Қағидаларда көлік құралының санатына қарай техникалық байқаудың ұзақтығы белгіленген:

O-1, L-1-7 – 15 минутқа дейін;
M-1 – 20 минутқа дейін;
M-2, M-3, N-1, N-2, N-3, O-2, O-3, O-4 – 30 минутқа дейін.

Тұрақты және мобильді желілерде жүргізілген техникалық байқау туралы мәліметтер бірыңғай цифрлық жүйеге енгізілгенде, тексерудің нақты уақыты мен орны көрсетілуі қажет.

Тұрақты желілерден ақпарат күн сайын нақты уақыт режимінде, дәл қазіргі сәтте беріледі, ал мобильді желілерден – екі күнтізбелік күнде бір рет жіберіледі.

Диагностикалық карта бірыңғай цифрлық жүйемен интеграцияланған арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы электронды түрде рәсімделеді.

Диагностикалық карта жоғалған немесе бүлінген жағдайда көлік иесі құжатты бұрын берген оператордан оның телнұсқасын ала алады. Телнұсқа техникалық байқаудан қайта өтпей-ақ 15 минут ішінде беріледі және жоғалған немесе бүлінген картаның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін жарамды болады.

Сонымен қатар деректердің дұрыстығына бақылау күшейтілді. Бірыңғай цифрлық жүйенің операторы салалық қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп тексеру жүргізеді. Атап айтқанда, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің белгіленген талаптарға сәйкестігі жылына екі рет тексеріледі.

Жүйеде көлік құралы туралы расталған мәліметтер болмаған жағдайда диагностикалық картаны беруден автоматты түрде бас тарту және жалған диагностикалық карталарды анықтау мүмкіндігі қарастырылған.

Ережені бұзу фактілері анықталған жағдайда техникалық байқау операторына бірыңғай цифрлық жүйенің қызметтерін ұсыну тоқтатылуы мүмкін. Ал бұзушылықтар жойылып, ол бірыңғай цифрлық жүйенің операторы тарапынан расталғаннан кейін жүйеге қолжетімділік қайта қалпына келтіріледі.

Бұдан бөлек, техникалық байқау нәтижелері туралы келіп түсетін деректерге аптасына кемінде екі рет мониторинг жүргізіледі. Бағдарламалық қамтамасыз етудің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда бірыңғай цифрлық жүйеге деректер жіберу мүмкіндігі бұғатталады.

Бұйрық 19 қазаннан бастап күшіне енді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан техникалық байқауды цифрландыру үшін Испания тәжірибесін енгізетінін жазғанбыз.