Елімізде телемедицинаны дамытуға кедергі келтіретін негізгі мәселелер аталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда телемедицинаны дамытуға интернеттің сапасы, цифрлық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және маман тапшылығы кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында айтылды.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Орталық басқарма төрағасының орынбасары Әділет Табаровтың сөзінше, телемедицинаны дамытуға ең алдымен шалғай елді мекендердегі интернеттің тұрақсыздығы кедергі болып отыр.

– Алыс елді мекендердегі интернеттің тұрақсыздығы, байланыс жылдамдығының төмендігі телемедицинаның дамуына кедергі келтіріп отыр. Сонымен қоса телемедицина платформалары мен медициналық ақпараттық жүйелер арасында ақпарат алмасудың толық жолға қойылмауы да қашықтан медициналық көмек көрсетуді қиындатып келеді, - деді ол.

Сонымен бірге ол барлық медициналық ұйым бірдей телемедицина қызметін көрсетуге қажетті техникамен жабдықталмағанын да еске салып өтті.

– Цифрлық жүйелермен жұмыс істей алатын медицина қызметкерлерінің тапшылығы да бұл бағыттың дамуын баяулатып отыр. Сонымен бірге қашықтан кеңес алатын адамның жеке басын растау тәртібін нақтылау, медициналық деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қашықтан берілген дәрігер кеңесін рәсімдеу мен есепке алу қағидаларын жетілдіру қажет. Міне, негізінен осындай факторлар телемедицина саласының дамуын тежеп отыр десек болады, - деді спикер.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі телемедициналық қызметтерді дамытуға жаңа стандарттар енгізген еді.