Елімізде төртінші ұялы байланыс операторы қашан құрылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсенбаев елімізде төртінші ұялы байланыс операторының құрылуына қатысты пікірін білдірді.

Фото: Kazinform

Өздеріңіз білетіндей, егер байланыс операторлары туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда еліміздің нарығында белсенді жұмыс істейтін 70-тен астам тіркелген байланыс операторы бар. Тиісінше, іс жүзінде әр өңірде, әр қалада өзіңізге қажетті байланыс операторын таңдай аласыз. Ал ұялы байланыс нарығына келетін болсақ, қазіргі таңда бізде үш ұялы байланыс операторы бар. Бұл — халықаралық тәжірибеге сәйкес көрсеткіш. Көршілес мемлекеттерге қарайтын болсақ, оларда екіден төртке дейін ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Өздеріңіз білетіндей, Tele2 компаниясын қатарлық инвестордың сатып алуына қатысты мәміледен кейін үкіметаралық келісім жасалды. Осы келісімге сәйкес, осы жылдың соңына дейін 5G бойынша аукцион өткізе алмаймыз. Дәлірек айтқанда, жаңа ұялы байланыс операторларын құра алмаймыз. Сондықтан әзірге бұл мәселе талқыланып жатқан жоқ, - деді ол Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Дегенмен, комитет басшысы әртүрлі, оның ішінде шетелдік байланыс операторлары Қазақстан нарығына белсенді түрде тартып жатқанын айтты. Мәселен, 2025 жылы Starlink компаниясымен келісім жасалды. Сондай-ақ еуропалық спутниктік оператор — OneWeb компаниясына жұмыс істеуге лицензия берілді.

- Жоспарларымыз өзгерген жоқ. Үкіметаралық келісім бар, соған сәйкес жаңа оператор құра алмаймыз. Сонымен қатар қазір халықаралық тәжірибені белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Себебі ұялы байланыс радиожиіліктер арқылы жұмыс істейді, ал бұл — шектеулі табиғи ресурс. Көптеген елде не бәрі екі оператор бар, кейбірінде үш оператор жұмыс істейді. Төртінші операторды құру инфрақұрылымның жақсаруына, қызметтердің қолжетімді болуына және тарифтердің төмендеуіне алып келуі тиіс. Егер мұндай нәтиже болмаса, онда төртінші операторды құрудың қандай қажеті бар? Қазір бұл мәселені тек талдап жатырмыз. Әзірге ешқандай нақты жоспар құрып отырған жоқпыз, - деді Дамир Сейсенбаев.

Айта кетейік, Қазақстанда байланыс және интернетке қатысты қосымша ақылы қызметтерді қосу тәртібі өзгерді. Енді мұндай қызметтер абоненттің екі кезеңді келісімінен кейін ғана іске қосылады.